Спортшыға құрмет
Қарағанды облысының әкімдігінде 2025 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Аида Әбікеева мен оның жаттықтырушысы Ислам Әбдірайымовқа құрмет көрсетілді. Ниш қаласында (Сербия) өткен чемпионатта 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аида Әбікеева, Қарағанды облысының тарихында бокстан алғашқы әлем чемпионы атанды.
Аймақ басшысының атынан спортшы мен оның жаттықтырушысына сыйлықты облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей табыс етті. Спортшының жеңісі Қазақстан құрамасының командалық есепте екінші орын алуына зор үлес қосты.
«Аида, сіз Қарағанды облысының тарихында әйелдер арасында алғашқы әлем чемпионы болдыңыз. Бұл жеңіс біздің облысымыз үшін үлкен мақтаныш. Сіздің жетістіктеріңіз жастарға үлгі болып, оларды жаңа биіктерге ұмтылуға шабыттандырады», – деп атап өтті Әлібек Әлденей.
Ол жаттықтырушы Ислам Әбдірайымовқа да алғысын білдіріп, оның заманауи әдістемелер мен жаңа мектепті игергенін айтты.
«Қарағанды облысы чемпиондардың жақсы ұстаханасы. Алдағы Олимпиадаға дайындықты бастап жатырмыз», – деп өз алғысын жеткізді жаттықтырушы.
Аида Әбікеева өз мақсатын – екі дүркін әлем чемпионы болуды атап өтіп, спорттық мансабында жаңа жеңістерге ұмтылатынын айтты. Оның алдағы жоспарында қыркүйек айында Ливерпульде өтетін әлем чемпионаты мен Астанада өтетін Әлем кубогы бар.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»