Қарағанды мен Гомель: жаңа экономикалық әріптестік
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Гомель облысынан келген делегациямен ресми кездесу өткізді. Кездесу аясында қос тарап екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, өңіраралық өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екенін білдірді. Нәтижесінде Қарағанды мен Гомель облыстары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Беларусь кәсіпкерлері Қарағанды өңірімен өндірістік және сауда бағыттарында серіктестік орнатуға қызығушылық танытып отыр.
Қарағандыға жұмыс сапарымен Беларусь Республикасының Гомель облысынан құрамында мемлекеттік органдар өкілдері, кәсіпорын басшылары мен бизнес қауымдастық мүшелері бар ауқымды делегация келді. Сапар аясында екіжақты кездесулер өткізіліп, тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың әлеуетін, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Кездесу барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және әріптестікті нығайту жолдары сөз болды.
– Беларусь пен Қазақстанды ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарих, терең тарихи және мәдени тамырлар біріктіреді. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас жыл сайын нығайып, өзара тиімді әріптестік аясында жаңа бағыттар ашылуда. Қарағанды облысы – еліміздің ірі индустриялық өңірлерінің бірі. Мұнда тау-кен өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, энергетика, сондай-ақ тамақ және жеңіл өнеркәсіп секілді салалар жақсы дамыған. Облысымызда өндірілетін өнімдер қазіргі таңда әлемнің 50-ден астам еліне экспортталады, оның ішінде Беларусь Республикасы да бар. Бұл – екіжақты ынтымақтастық үшін берік негіздің бар екенінің дәлелі. Біз сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге, бірлескен жобалар іске асыруға, инвестициялық және технологиялық серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Қарағанды өңірі Беларусь кәсіпкерлерімен өзара тиімді, ұзақ мерзімді серіктестік аясында жұмыс істеуге әрқашан дайын, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу барысында Қарағанды облысының әкімі өңірдегі инвестициялық ахуалға ерекше тоқталып, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Saran индустриалды аймағында инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды таныстырды. Өз кезегінде Гомель облысынан келген делегация мүшелері беларусьтік кәсіпорындардың әлеуетін көрсететін арнайы бейнеролик ұсынып, ынтымақтастыққа ашық екенін білдірді. Гомель облыстық атқару комитетінің төрағасы Иван Крупко Қазақстанды Беларусь үшін стратегиялық маңызды әріптес деп атап, екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы көлемі жағынан Қазақстан, Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орында тұрғанын жеткізді. Бұл – өзара сенім мен тиімді ынтымақтастықтың айқын көрінісі.
– Соңғы бес жыл ішінде Гомель облысының Қазақстанмен тауар айналымы бір жарым есеге артты. Менің ойымша, біз өз халықтарымыз үшін, өз тұрғындарымыз үшін екі жаққа да тиімді нүктелер тапсақ, көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Біздің кездесуіміз өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда жақсы нәтиже береді деп үміттенемін, – дейді Гомель облыстық атқару комитетінің төрағасы Иван Крупко.
Кездесу барысында Беларусь тарапынан Қарағанды облысымен бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты дамыту ұсынылды. Делегация басшысы қазіргі таңда жергілікті нарыққа Беларусьтен ет пен сүт өнімдері, ауылшаруашылығы техникасы жеткізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жиһаз өндіру саласында бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі де қарастырылуда. Гомельдік кәсіпорындар фермерлерге арналған заманауи техника ұсынуға дайын екенін білдірді. Кездесу аясында тағы бір маңызды жаңалық белгілі болды – қыркүйек айында өтетін Гомель экономикалық форумына қарағандылық тарап ресми түрде шақырылды. Шара соңында Гомель және Қарағанды облыстары арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта жаңа бірлескен жобаларға жол ашатыны сөзсіз.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»