Тазалық – ардың ісі

Қарағанды қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында ауқымды сенбілік өтті. Игі бастаманы Қарағанды қаласының әкімдігі қолдап, сенбілікке 100-ден астам ерікті қатысты. Олар қаланың С.Мұқанов көшесінен Кеншілер даңғылына дейінгі аралықтағы Құрылысшылар көшесінің 5 шақырымнан астам бөлігін күл-қоқыстан тазартты.

Сәуір айы барша қала тұрғындарын тазалыққа шақырумен басталды. Жарыса жасалып жатқан сенбіліктер, қаланың сәнін келтіріп, ауаны көк түтіннен тазартуда. Ауқымды науқанға еріктілер мен қоса «LegoConstruction» компаниясының қызметкерлері, коммуналдық мекеме жұмысшылары, қала тұрғындары да белсене атсалысты. Қызу жұмыс таңертеңгі уақытта басталып, науқанға қатысушылар көшелер мен тротуарларды және жол жиегін қыстан қалған қоқыс пен жапырақтан тазартып, сынған бұтақтарды жинады. Осы тұста қоршаған ортаны қорғау бағытында жұмыс жасайтын экологиялық ерікті Заңғар Серіков өз ойын білдірді.

– Біз «Таза Қазақстан» бастамасын әрқашан қолдаймыз. Себебі, тазалық – тек коммуналдық сала қызметкерлерінің ғана емес, әр азаматтың басты міндеті. Тазалыққа, табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарас қала тұрғындарының бір мақсатқа жұмылған жұдырықтай дайын екенін көрсетті. Осындай шаралар қоршаған ортаға деген қамқорлықты насихаттап, әр адам бойындағы жауапкершілікті арттырады, – деді ерікті Заңғар Мадиярұлы.

Мұндай науқан қаланың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, қоғамды біріктіруге, жастарды белсенді әрі саламатты өмір салтын ұстауға, еріктілер қозғалысын тұрақты түрде дамытуға ықпал етіп, әр адам баласы табиғат тазалығына өз септігін тигізеді. Сондықтан, тазалықты өзімізден бастайық!

Ералы Ғани,

«QH»