Ел шежіресін сөйлеткен екі еңбек
Қаламыздың Достық үйінде Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» және «Отыз жылдың ой толғауы» атты қос кітабының тұсаукесері өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен кітап сүйер қауым қатысты.
Алғаш сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірге арнайы келген Қуаныш Сұлтанұлына алғысын білдіріп, бұл күннің маңыздылығын атап өтті.
– Жуырда ғана қос кітаптың тұсаукесері елордада өтті, енді міне, біздің облысымызда да жалғасын табуда. Бұл екі еңбек те оқырман үшін құнды дүниелер деп есептеймін. Олар Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен даму кезеңдерін жан-жақты сипаттайды. Сіз өңіріміздің әлеуметтік экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосып, тарихта айшықты із қалдырдыңыз. Елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, маңызды шешімдер қабылдауға атсалыстыңыз. Сізге шығармашылық табыс тілеймін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
«Қазақтың Қонаевы» кітабы халқымыздың аяулы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ел мүддесі жолындағы өнегелі өмірі мен қызметіне арналған. Кітапта автор өзі куә болған оқиғалар негізінде Қонаевтың мемлекет басқарудағы кемеңгерлігі, ұлт мүддесі жолындағы қайраткерлік болмысы, сондай-ақ кеңестік дәуірдің күрделі саяси-идеологиялық қысымдары кезіндегі ұстанымы мен парасаты жайлы сыр шертеді. Жинақ тарихи деректермен өріліп, оқырманға жеңіл әрі түсінікті тілмен жеткізіледі.
Кітапта бұрын-сонды көп айтыла бермейтін шынайы сәттер мен сол кезеңдегі идеологиялық қайшылықтар, әділетсіздік көріністері де көркем тілмен баяндалған. Автор Дінмұхамед Ахметұлының кісілік келбетін, елге сіңірген еңбегін, биік адамгершілігін тереңінен аша отырып, оны халқының шын мәніндегі асыл перзенті ретінде таныстырады.
Ал «Отыз жылдың ой толғауы» кітабында еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі саяси, экономикалық, әлеуметтік даму жолы туралы кең көлемде әңгіме өрбиді. Жинақ сұқбат түрінде жазылған, онда автор мен журналист Гүлсім Еңсепованың арасында өрбіген мазмұнды диалогтар арқылы Қазақстанның өткені мен бүгіні, жетістіктері мен күрделі кезеңдері жан-жақты сараланады.
Кітапта егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар, реформалар, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас, ұлттық мүдде, тіл мен мәдениет, демократиялық процестерге қатысты көзқарастар нақты мысалдармен берілген. Автор ел дамуындағы негізгі кезеңдерге байыпты баға бере отырып, өзінің көзімен көрген, көңілге түйген деректерін жазған.
– Мен Қарағандыға әр келген кезімде, алғаш келгендегідей ерекше сезімде боламын. Бірақ ең алғаш келгенімде өзім үшін өте қолайсыз жағдайда келдім. Маған «Қарағандыға барасың ба?» деген сәтте, ойланбастан «иә» деп жауап бердім. Сол сәттен, сол сағаттан бастап еш нәрсеге алаңдамастан, жанымды салып еңбек еттім, – деді Қуаныш Сұлтанов.
Шара барысында сөз сөйлеген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері кітаптардың тарихи ақиқатты ашудағы, ұлт санасын жаңғыртудағы, сондай-ақ кейінгі буынға тағылым боларлық маңызына ерекше тоқталды. Олар Қуаныш Сұлтановтың публицистика мен саясаттағы белсенді қызметін, жазушылық шеберлігі мен азаматтық көзқарасын жоғары бағалады.
Шара барысында сөз сөйлеген қатысушылар қос еңбектің де тарихи ақиқаттың бетін ашудағы және тәуелсіздік жылнамасын саралаудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Келушілерге облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құжаттар мен экспонаттар ұсынылды. Онда Қуаныш Сұлтановтың жеке құжаттары, 1987 жылы оған берілген мінездеме, ОКП жанындағы Қазақ ғылым академиясын бітіргені туралы құжат және өз қолымен жазылған бірнеше құжат сақталған.
Ералы ҒАНИ,
«QH»