Жат ойға жетелейтін «Кальмар ойыны»
Бүгінде ата-әженің орнын әлеуметтік желі алмастырған. Ертегі тыңдап өсер бала, көзін тырнап ашқан сәттен, әжесін емес, телефонын іздейді. Күн ұзаққа телміріп, алақандай гаджеттің байлаусыз құлына айналауда. «Черный плащ», «Ниндзя-Черепаха», «Супермэн», «Өрмекші адам» болуды армандайды. Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты демекші6 кейіпкерлерінің кескін-келбеті түсініксіз «Спанч Бобқа» реніш білдіріп жүргенде, балалар мен жастар арасында танымал оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» сериалы шықты. Фильмде адам өмірін құнсыз етіп, қуыршақпен басқара отырып, қан төгуді қарапайым ойын тәсілі санайды. Судай аққан қанды ашық көрсетіп, көріп отырған жанның жүрегін жауыздыққа, санасын сойқан салар салқындыққа жетелейді. Тірі адамды ойын кейіпкері ретінде таңдап, өмір мен өлім арасындағы жанталасқан сәтті көрсете отырып, адамдар арасындағы соңғы сәттегі жауыздықты жадыға бекітеді. Бұл фильмде бір ауыз сөз, санаулы секундтар роль ойнайды.
Сондықтан да ойын сәтінде болса да балаңыздың аузынан «Тише едешь, дальше будешь» деген сөзді естісеңіз секемденіңіз. Бұл сөз бүгінде жасөспірімдер арасында кино кейіпкеріне еліктеу ретінде жиі айтылатын болды. Шынтуайтына келгенде, бұл бір ауыз сөз — бүтін бір буынның санасын жаулап жатқан жат идеология. Аударып көрсеңіз берер мағынасы қазақтың «ақырын жүріп, анық бас» деген ақыл сөзінен тым аулақ. Өйткені оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» сериалында бұл сөз фильм астарын ашушы роль ойнайды. Netflix-тің «Кальмар ойыны» сериалының балалар арасында кеңінен танылуы, ата-аналардың алаңдаушылығын тудырып отырғаны да тегін емес. Фильмдегі ойын түрінде келтірілген жауыздық ересек жанның жүрегін шайлықтырады. Ал жасөспірімді ойын ретінде елітіп, осындай әрекетке жетелейді.
«Кальмар ойыны» — шытырман оқиғалы атыс-шабыс, триллер мен драма, аман қалу үшін жанталас жанрындағы оңтүстік кореялық вебсериал. Режиссері, әрі сценарий авторы — Хван Дон Хёк. Бірнеше бөлімді сериалдың сюжеті корей балалар ойындары болды, ақшаның мұқтаждығына байланысты тірі қалу үшін құпия ойынға қатысуға шақырту алған адамдар тобы өз өмірлерін қауіпке тігеді. 2021 жылдың 17 қыркүйегінде болған әлемдік премьерадан кейін фильм әлемнің 90 елінде Netflix-тің ең көп қаралған сериалдарының тізімінде көш бастады. Зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністерге толы туындының, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында танымалдығы артуда. Желі арқылы жас буынның жадысын жаулаған бұл фильмнің болжамды салдары үкімет деңгейінде талқылануда. Осыған байланысты бұл сериал бала психикасына қаншалықты қауіпті екендігін түсіндіруді сұраған ата-аналар өтініші жауапсыз қалмауы тиіс еді. Осы мақсатта ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова былай деп түсініктеме жасады:
«Фильм Қазақстанда түсірілмеген. Фильмде белгілі бір шектеулер бар, ол 18 жастан асқан ересектерге арналған. Сондықтан, ең алдымен, ата-аналар осы фактіге назар аударуы қажет. Екіншіден, ата-аналар да, мектеп те тәрбиелік шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуі керек. Мектептерде де осы мәселеге назар аударған жөн. Әрине, балалар психикасы енді-енді қалыптасу кезеңінде. Сондықтан кез келген ақпаратты үйде ата-аналар, мектепте – педагогтер бақылауы керек».
Өмір үшін күрес, ақшалай берілер сыйлық үшін бәсекеде бас амандығы үшін айналасындағылардың өмірін бағаламау бір қарағанда қарапайым фильм желісі дерсіз. Бірақ, астарына үңілсеңіз адам шошырлық сананы жаулар саясат жатыр. Батыстың былапыт дүниесінің біздің ұрпаққа тәрбие құралы болуы, бұл ғаламтордың ғажабы емес, азабы дер едім. Желіге жүктелер дүниенің ұлттық саясат тұрғысынан сүзгіден өтпейтіні қынжылтады. Рухани жұтаңдыққа жетелейтін шетелдік туындылардың орнын ұлттық дүниені дәріптейтін қазақы негіздегі мульфильмдер жауласа шіркін. Шетелдерге ұсынылып, 48 елдің экранынан көрсетіліп, аға буын көріп өскен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мульфильмін айтпасақта, бертінгі шыққан «Қошқар мен Теке» туындысы қандай тамаша. Қазақ баласының дүниетанымына оңтайластырылып жасалған. Бұл бағытта жаза берсең отандық аниматорлар кездесер қиындықтар, қаржылық қолбайлау мәселесі шығады.
Ендеше ұялы телефонның ұрпақ санасына, ұлттық құндылыққа кері әсерін әңгімелейік. Барлық жамандықты, надандықты жояр тәрбие ортасы — мектеп. Сол себепті де Шолпан Каринованың айтуынша, биылдан бастап білім беру ұйымында балалардың сыни ойлауы мен эмоционалды интеллектісін дамытуға, сондай-ақ ақпаратты таңдап оқуға үйрететін «Жаһандық құзыреттер» арнайы курсы енгізіліп жатыр екен. Бұл курс балалардың сыни ойлауын, эмоционалды интеллектісін дамытуға, ақпаратты дұрыс таңдауға бағытталған.
Қалай болғанда да өте нәзік келер бала психикасын пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырата білуге дағдыландыру керек. Психолог мамандардың пайымдауынша, балалық пен жасөспірім шақта адам өзін-өзі бақылауға, ерікті мінезқұлыққа және не жақсы, не жаман екенін ажырата білуге жауап беретін ми құрылымдары қалыптаспайды екен. Сол себепті ата-аналарға абай болу керек және керісінше тыйым салмау керек, өйткені бұл фильмге деген қызығушылықты одан әрі арттырады. Одан да бала бәрібір көретінін біліп тұрсаңыз, ол фильмді онымен бірге көріп, талқылап, кейіпкерлердің қайсысы балаңызға ұнағанын, бұл фильм оның қызығушылығын қалай тудырғанын біле аласыз. Содан кейін бала тұжырымынан секем алсаңыз, саналы әңгіме өрбітіп, ақпарды қабылдауда балаға ой сүзгілік көмек көрсетесіз. Мұның бәрі психолог мамандардың кеңесі.
Ендеше ертеңгі күні сауда орындарында «Кальмар ойыны» фильмінің кейіпкерлері сомдалған ойыншық, не таңба суреті бар киімнің сатылымға шықпасына кім кепіл?! Байқасаңыз жас ұрпақтың ойын орамдап, жадын жалмаған шетелдік мультфильм, фильмдердің кейіпкерлері жақсы жарнама арқасында өз елдерінде ғана емес, бүкіл әлемге танылуда. Яғни, өскелең ұрпақтың бойына өзіндік идеологиясын сіңіруде. Әр елдің салты басқа, иттері ала қасқа демекші, шетелдік туындылардың мазмұны біздің менталитетке мүлдем сай келмейтінін естен шығармайық.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
QH.