Жұмысшы мамандықтарды қолдау: Қарағандыда 850 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңке өтті
Қарағанды қаласындағы «Таир» сауда үйінде Қарағанды облысының «Еңбек мобильділігі орталығы» жұмысшы мамандықтар жылына орай кең ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шара жұмыссыз азаматтарды қолдау, халықты еңбекпен қамту және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мақсатында өтті.
Жәрмеңкеге келген азаматтардың саны айтарлықтай болды. Барлығы 362 адамға жұмысқа орналасу және еңбек нарығындағы мүмкіндіктер бойынша кәсіби консультация берілді. Олардың ішінен 101 азамат нақты жұмыс орындарына жолдама алып, жаңа еңбек жолына қадам басты.
Әлеуметтік осал топтарға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, пробация қызметінде есепте тұрған 28 азаматқа және жастар практикасына қатысқысы келген 40 жасқа тиісті жолдама берілді.
Жәрмеңкеге Қарағанды қаласының 43 жұмыс берушісі қатысып, 850-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған жұмыс орындары түрлі сала мен бағыттарды қамтыды. Шараға қаланың Қазыбек би атындағы аудан мен Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдіктері, пробация қызметі, прокуратура, Жеке сот орындаушылар палатасы, Әділет департаменті, Полиция басқармасы және ҚАЖД өкілдері қатысты.
Жәрмеңке аясында келушілерге «Алтын жас», «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», Кәсіптік оқыту бағдарламалары бойынша ақпарат беріліп, жұмысқа орналасуға нақты қолдау көрсетілді. Сонымен қатар «Jumys Tap» жобасы аясында да кеңес берілді.
Қазіргі таңда барлық өзекті бос жұмыс орындарын enbek.kz порталынан көруге болады. Келесі бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің өтетін уақыты қосымша хабарланатын болады.
Байланыс телефондары:8 (775) 644 3580.
Call center: 8 (7212) 60-50-50.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»