Қала тынысы: Қарағандыда 500-ден астам ағаш отырғызылды
Қарағандыда «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында кезекті көгалдандыру шарасы өтті. Бұл жолы қала тұрғындары мен еріктілері облыс басшылығымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойына 500-ден астам ағаш отырғызды.
Мақсат – қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру және табиғатқа деген құрметті арттыру. Көшелер мен демалыс аймақтарында көгалдандыру, жарықтандыру жүйесін жаңарту, жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамыту сынды кешенді жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаспақ.
«Мұнда барлық ағаш ескі, олар қазір құлап жатыр, бірнеше ағашты кесіп, алып тастадық. Біз бұл аумақты тексеріп, осы даңғылдан бастауға шешім қабылдадық», – дейді қоғам белсендісі Сәкен Келдібаев.
Оның айтуынша, Көкшетаудан әкелінген шырша көшеттері Қарағандының климатына бейімделген. Бұл жолы отырғызылған отыздан астам шырша – жаңа тыныстың бастамасы іспеттес. Жасыл белдеуді құруға ардагер-көгалдандырушылар да белсене қатысқан. Мамандардың айтуынша, екі метрге дейінгі шыршалар жерсініп, жақсы өсім береді.
«Бүгін барлығы 500-ден астам ағаш отырғызылды. Бұл санға өтемақы ретінде отырғызылған 280 ағаш және тағы 140 трансплантация кіреді», – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов.
Оның айтуынша, науқанға кәсіпкерлер де үлес қосқан. Олар көшеттерге күтім жасауға кепілдік беріп отыр. Болашақта бұл аумақта мәдениет және демалыс саябақтарын басқару мекемесі жасыл желекке тұрақты күтім жасайды.
Қаланың көркін арттыру тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Жоспарға сай, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар жасалып, тротуарларға брусчатка төселеді, жарықтандыру жүйесі жаңартылады, жолдар жөнделеді.
«Бұл аялдама басқа орынға ауыстырылатын болады. Ал дәмхана жанындағы тұрақ орындары аздап шектеледі, себебі ол тротуарға кіріп тұр. Біз екі жақтан да кіреберіс жол жасаймыз», – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.
Сондай-ақ, өңір басшысына К.Станиславский атындағы орыс драма театры алдындағы алаңды қайта құру барысы таныстырылды. Қазіргі уақытта алаң толықтай жаңартылып, гранит баспалдақтар төселіп жатыр. Мұнда жаңа орындықтар, қоқыс жәшіктері мен заманауи LED-экран орнатылады.
«Экологиялық патриотизм идеясы азаматтарды біріктіріп, табиғатқа деген ұқыпты қарым-қатынасты қалыптастырады. Отырғызылған ағаштар бірнеше ұрпаққа қуаныш сыйлайды», – дейді ұйымдастырушылар.
Қарағандыдағы бұл бастама – тек бүгінгі күннің қамы емес, болашақ ұрпаққа қалатын жасыл мұра. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың парызы.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»