Қарағанды – Қазақстанның электрондық сауда орталығы

Елімізде цифрлық сауданың жаңа кезеңі басталды. Қарағанды облысында «Қарағанды – Қазақстанның электрондық сауда орталығы» жобасы ресми түрде таныстырылды. Бұл – өңір экономикасын жандандыруға, отандық өндірушілерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған ауқымды бастама.

Жобаның тұсаукесері облыс әкімдігінде өтті. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаға үлкен сенім артып отырғанын жеткізді:

«Біз оның сәтті жұмыс істеуі үшін барлық мүмкін жағдайды жасадық және қазір оның жұмыс істей бастағанын білеміз. Сонымен қатар, жергілікті өндірушілерге арнайы преференциялар беру туралы келісімдер жасалды», – деді әкім.

Логистика – басты артықшылық

Электрондық коммерция жобасының басты ерекшелігі – Қарағандының тиімді логистикалық орналасуында. Жоба авторы Линар Хуснуллиннің айтуынша:

«Бизнес үшін ең қолайлы орын – Қарағанды. Өйткені бір нүктеден елдің кез келген аймағына 24 сағат ішінде тауар жеткізуге болады».

Жобаның логистикалық моделі бойынша барлық тауар Қарағандыдағы хабта шоғырланып, дәл осы жерден Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылады.

Маркетплейс: тек сауда емес, кәсіпкерлік мектебі

Жобаның бірегейлігі – электрондық сауда платформасын дамытуға қоса, кәсіпкерлерге арналған оқыту бағдарламалары мен мультиплатформалық конференцияларды қамтуында. Алғашқы конференция 2025 жылдың 23 сәуірінде өтеді деп жоспарлануда.

Коворкинг-клубтар құрылып, селлерлер мен өндірушілер арасындағы тығыз байланыс орнату көзделген.

– Маркетплейсте 38 жергілікті өнім тіркелген. Бұл – Қарағандыда жасалған тауарлар емес, Қазақстанда жасалған өнімдер. Себебі жобада отандық тауар өндірушілерге салықтық жеңілдіктер мен төмен пайыздық мөлшерлемелер қарастырылған, – деп атап өтті Қарағанды облысының Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Индустрия мен цифрлық даму түйісті

Қазіргі таңда платформада тұрмыстық химия және ұлттық киімдер секілді тауарлар орналастырылған. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

– Жаңа сауда-логистикалық қоймалар салу туралы жоспарымыз бар. Қалада теміржол, автомобиль жолдары және әуежай инфрақұрылымы толық дамыған. Бұл – Қарағандыны еліміздің электрондық сауда хабына айналдырудың негізі, – деп Ермағанбет Бөлекпаев жобаның өңірлік дамуға қосар үлесін жоғары бағалады.

Қарағанды – тек өндірістік орталық емес, енді еліміздің цифрлық экономикасының драйверіне айналуға дайын. Электрондық сауда платформасы арқылы отандық өнімдер нарыққа кеңінен жол тартып, жаңа кәсіпкерлік мәдениеті қалыптасып келеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»