Коммуналдық жүйелерді жаңарту жоспарлары қаралды

Қарағанды қаласында коммуналдық жүйелердің жағдайы соңғы жылдары тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып келеді. Бұл мәселелерді шешу үшін қалалық мәслихаттың отырысында маңызды бастамалар мен жоспарлар талқыланды. Олардың ішінде ең маңыздысы – мемлекеттің бағдарламасы аясында кәріз жүйелерін жаңарту мен жөндеу жұмыстары. Қалалық мәслихаттың отырысында атап өтілгендей, қазіргі уақытта Қарағанды қаласындағы кәріз жүйелерінің 82 пайызы ескірген. Бұл жағдай жыл сайын тұрғындардың түрлі коммуналдық мәселесіне шағымдануына себеп болуда. Ескірген құбырлар салдарынан түрлі авариялық жағдай, әсіресе қысы-жазы кәріз жүйесінің істен шығуы жиі орын алуда. Осыған байланысты, алдағы уақытта жүйені жаңарту бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда.

Қарағанды қаласы бойынша 2009-2024 жылдар аралығында «Қарағанды су» ЖШС 146,7 шақырым кәріз құбырларын ауыстырды. Бұл жұмыс жалғасын тауып, биылғы жылы тағы да 32 көше бойындағы 18,3 шақырым кәріз жүйесі жаңартылатын болады. Бұл мақсатқа бюджеттен 2,8 миллиард теңге қарастырылған. Жоба қала тұрғындарының сапалы ауызсумен қамтылуына және кәріз жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

– Биылға біз 3,3 миллиард теңге қарастырып отырмыз. Бұл қаражат Сахалин селосында кәріз жүйелерін жаңартуға бағытталмақ. Осылайша, біз 7,7 шақырым су құбыры мен 4,5 шақырым кәріз жүйелерін ауыстырдық. Бұл жұмыстар село тұрғындарын 100 пайыз сапалы су және кәріз жүйесімен қамтамасыз етті, – деді Қарағанды қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Көкішев.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары тұрғындардан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі коммуналдық мәселелерге қатысты екенін атап өтті. Депутат Айткен Ахметбековтің айтуынша, қала тұрғындары арасында кәріз жүйесімен байланысты арыздар мен ұсыныстар тұрақты түрде түсіп жатыр.

– Кәріз жүйесіне қатысты шағымдар мен ұсыныстар толассыз келуде. Қазіргі уақытта қаланың кәріз жүйесінің тозуы 85 пайызды құрап отыр. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Қарағанды қаласында ұзақ жылдар бойы кәріз желілеріне назар аударылмады. Жыл өткен сайын, бұл жүйе нашарлап барады. Өткен жылы ғана біз смета жобасын құжаттамамен әзірлеп, кәріз желілерінің құрылысын жобалауға қаржы бөлінді. Бұл желілер өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған, сондықтан экологиялық тоқырауға әкелуі мүмкін, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Айткен Ахметбеков.

Қалалық мәслихаттың депутаты Михаил Кузив те бұл мәселені көтеріп, қаладағы кәріз жүйесінің ескіргенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағдай қаланың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде.

– Қаладағы кәріз жүйелерінің ескіргендігі ешкімге жасырын емес. Су және кәріз құбырларының жағдайы көңіл көншітпейді. Жазда жаңбыр жауған кезде, көктемде қар ерігенде, дұрыс суағарлар болмайды. Осындай жағдайлар өздігінен шешілуі тиіс. Қазірдің өзінде саяжайлар мен тұрғын үйлер су басу қаупіне тап болуда, – деп атап өтті Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Михаил Кузив.

Қалалық мәслихаттың отырысында көтерілген коммуналдық жүйелер мәселесі жақын арада қала әкімінің қарауына жолданатын болады. Әкімдік бұл мәселелерді шешу үшін тиісті шараларды қолға алады деп күтілуде. Брифинг барысында көрсетілген жоспарлар мен ұсыныстар – Қарағанды қаласының инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»