Медициналық көмек сапасына шағым көп
Қарағанды өңірінде медициналық көмектің сапасына, диагностикалық іс-шаралар көлеміне және медициналық қызметтерден бас тартуға байланысты билік органдарына шағымдар саны өскен.
Бұл шағымдар облыстың медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Департаментіне түсетіндер санының 63% құрайды. 2021 жылдың 9 айында облыс тұрғындары тарапынан тағы қандай наразылықтар болғаны туралы ведомство басшысы Ольга Смирнова айтып берді.
— Біздің Департамент әртүрлі бағыттар бойынша медициналық қызметтердің сапасын бақылайды, азаматтардың өтініштері мен арыздары бойынша, шағымдар бойынша жұмыс істейді, түсіндіру функцияларын орындайды. Осы жылдың 9 айында ведомствоға ғана емес, МӘМС қорының филиалына және денсаулық сақтау басқармасының call – орталығына 429 өтініш келіп түсті,-деп бөлісті Ольга Викторовна.
— Тексерулер нысанға тікелей бару арқылы өтеді, олардың нәтижелері бойынша мемлекеттік ден қою актілері қабылданады. Кейін тиісті шаралар қабылданады. Осы айларда 186 нысан тексерілді, 23% жағдайда өтініш берушілердің дәлелдері расталды, шаралар қабылданды. 46% жағдайда дәлелдер ішінара расталды, 31% жағдайда – мүлдем расталмады. Негізінен өтініштер өлім фактісіне қатысты болды. Сондықтан, 13% жағдайда өтініш білдіргендердің фактілері расталды, шаралар да қабылданды, материалдар тергеу органдарына жіберілді, тергеуге дейінгі тексерулер қозғалды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті басшысының айтуынша, биылғы жылы өтініштер анағұрлым негізді болған. Спикер мемлекеттік органның жеке құрылымдарда бақылау мүмкіндігі туралы сұрақтар жиірек келіп түседі дейді. Бұл жағдайда денсаулық сақтау субъектісіне қарамастан, Департамент өтініштерді зерттеу үшін шаралар қабылдайды.
— Өтініштердің басым бөлігі, яғни 63% — медициналық көмектің сапасы, диагностикалық іс-шаралардың толық емес көлемі, медициналық қызметтерден бас тарту бойынша. Екінші орында – еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақтарды, әйелдерге арналған декреттік парақтарды берудің негізділігі мен заңдылығы жөніндегі мәселе тұр. Терапевтік бейіндегі қабылдаулар мен жолдамалар беруді ұйымдастырумен байланысты өтініштер бар, акушерлікгинекологиялық қызмет бойынша да биыл өтініштердің пайызы өсті, — деп қосты Ольга Викторовна.
Коронавирусқа қатысты өтініштер саны артқан: адамдар ауруханаға жатқызу, диагностика және ПТР-зерттеулер мерзімі туралы сұрақпен келеді. Барлық өтініштерді ведомство қарап шықты және бұл шағымдардың 60% — ы расталды. Бірқатар өтініштер емдеу диагностикасы хаттамаларының өзгергені туралы адамдарды уақытылы хабардар етпеумен байланысты болды.
— Департамент міндетті түрде ана өлімі фактілеріне мемлекеттік бақылау жүргізеді. Биыл бізде бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өсті. Облыста 10 өлім оқиғасы тіркелді, олардың 5 — і коронавируспен, жағдайлардың бірі постковидтік асқынумен байланысты болды. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүріп жатыр, тексеру шараларының барлық нәтижелері тергеу органдарына жіберіліп, процессуалдық шешім қабылданады, — деп жалғастырды Ольга Смирнова.
Сонымен қатар, осы жылы Департамент профилактикалық бақылау мақсатында Денсаулық сақтау субъектілеріне 25 тексеру жүргізді. Бұл үрдіс ақауларды жою және халықтың шағымдарының алдын алу үшін 2 жыл бойы жүргізілуде. 9 айдың қорытындысы бойынша амбулаториялық деңгейде ведомство 109 бұзушылықты анықтады, оның ішінде 48 – өрескел, 61 – елеулі, жалпы саны 501 ақауды құрады. Стационарлық деңгейде 127 бұзушылық тіркелді: 60 өрескел және 67 маңызды, жалпы саны 415 ақау. Мәліметтер ұйымға жіберіліп, тез арады шешімін табу тапсырылды. Нәтижелері бойынша субъектілерге 25 ұйғарым берілді, олардың 13-і орындалды.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»