Шығармашылық көрме
Қарағандыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық көрмесі ашылды. «Сүйікті қаламның қысқы өрнектері» атты шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Көрмеге облыстағы 9 арнайы мектеп-интернаттың оқушылары қатысып, өз қолдарынан жасаған суреттерін, макеттерін және қолөнер бұйымдарын ұсынды. Экспозиция үш бөлімнен тұрады: біріншісі – суреттер, екіншісі – макеттер және үшіншісі – қолдан жасалған бұйымдар.
– Барлықтары жарады, талапты жастарды көріп отырмын. Бүгін сендер өздерінің туындыларынмен қаламыздың қысқы келбетін көрсеттіңіздер. Тек Қарағандыға тән көріністі байқадық. Жарайсыздар. Осы арқылы біз сендердің қаламызды жақсы көріп, тек әдемілікті байқағандықтарыңызды түсіндік, – деді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының басшысы Бибігүл Құдабаева.
Салтанатты ашылу рәсімі концерттік қойылыммен басталды. Шараға Қарағанды облысы білім басқармасының өкілдері, балалар құқықтарын қорғау уәкілі мен педагогтар және оқушылардың ата-аналары қатысты.
– Ең алдымен ерекше балалардың шығармашылық жолында қарқынды дамып жатқанын айтқым келеді. Оқытушылар, ата-аналармен бірге балалар жаңа дағдыларды игеріп, көркем өнерді тереңірек меңгеруде. Жасалған орасан зор еңбек осының нәтижесі. Бүгінгі мектеп интернатының оқушылары жасаған экспозицияда 100-дан аса жұмыс дайындалған. Әрбір туындының өзіне тән техникасы бар. Осының барлығы балалардың, ата-аналардың және бірлесе жұмыс жасаған оқытушылардың жемісі деп білемін, – дейді №4 арнайы мектеп-интернатының директоры Гүлнар Қырғызбаева.
Көрмеде ұсынылған жұмыстарда Қарағандының қысқы көріністері бейнеленген. Сондай-ақ ғимараттардың макеттерін жасап, көрмеге қойды. Көрме 16 ақпанға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,
«QH»