Ұлттық күнтізбе: Рухани құндылықтарды жаңғырту жолында
Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «QazScience» ғылыми-академиялық семинары аясында Қазақ ұлттық күнтізбесінің тұсаукесері өтті. Бұл маңызды шара ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған және оған университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты.
Шара ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясы мен республикалық Qazaq club жанындағы рухани құндылықтарды сақтау және насихаттау орталығының бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылды.
Тұсаукесер барысында Қазақ күнтізбесінің құрылымы мен маңызы таныстырылды. Күнтізбе ұлттық құндылықтарды жүйелеп, насихаттауға арналған. Ол 26 рухани құндылықты, 40 тарихи тұлғаны, 19 тарихи датаны, 20 этнографиялық және 10 әскери-патриоттық күнді, 6 салт-дәстүрді, 3 халықтық мерекені қамтиды.
Шара басырында Қазақ күнтізбесінің авторы Нұржан Сұршаұлы ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті. Ол 1989 жылы ресми мәртебеге ие болған әз-Наурыз мерекесінің қайта жаңғыртылуын мысалға келтіріп, мұндай игі бастамалар халқымыздың мәдени мұрасын сақтау жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
Сондай-ақ, Ұлттық Ғылым Академиясы жанындағы пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Әлиханов Қазақ ұлттық күнтізбесінің білім беру саласындағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба жастарға тарихи тұлғалар мен этнографиялық күндерді таныстыруда, ұлттық тәрбие беруде үлкен көмек болмақ.
Салтанатты рәсімде А.Яссауи атындағы халықаралық университетінің ректоры Жанар Темірбек пен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Зәкір Жұмақұл күнтізбенің тұсауын кесті. Жалпы, шара барысында 200-ден астам студентке Қазақ күнтізбесі тапсырылды. Бұл игі бастаманы алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.
Қазақ ұлттық күнтізбесі – ұлт тарихын жаңғырту мен насихаттаудың маңызды құралы болмақ!
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»