Президент тапсырмалары басты назарда

Қарағанды облысының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланды. Өңір активінің қатысуымен өткен кеңесте Президент айқындаған сегіз басым бағыттың барлығы қаралды. Жиында әлеуметтік-экономикалық даму, инвестиция тарту, өңірлік инфрақұрылымды жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру және басқа да маңызды мәселелер сөз болды. Облыс басшылығы мен жауапты сала жетекшілері тапсырмалардың орындалу барысы бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларын ортаға салды.

Қарағанды облысының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселесі талқыланды. Өңір активінің қатысуымен өткен жиында «Президент айқындаған сегіз басым бағыттың» барлығы қаралып, олардың жүзеге асырылу тетіктері сөз болды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін инвестиция тарту басты міндет екенін атап өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы біздің облыс алға қойған көрсеткіштерге қол жеткізді. Экономиканың 13,7%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 61%-ға артып, 1,4 триллион теңгені құрады. 200 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, біз даму әлеуетіміздің әлі де зор екенін түсінеміз. Сондықтан салалық басқармалар, қала және аудан әкімдері шетелдік инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты күшейтіп, жобалау кезеңінен бастап толық іске қосылғанға дейін кәсіпорындарды сүйемелдеуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл – біздің басты міндетіміз, әр әкім жеке жауап береді. Инвесторлардың барлық мәселесін жедел шешу қажет, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов 2025 жылы 1,5 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын, бұл соманың 90%-ға жуығы жеке капитал есебінен құралатын айтты. Қарағанды облысында экономиканың жаңа драйверлерінің бірі туризм болуы тиіс. Өңір басшысы Балқаш және Қарқаралы аудандарында туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ қала маңындағы демалыс аймақтарын тиімді пайдалану мақсатында бос жер телімдеріне ревизия жүргізу тапсырылды. Отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, ірі туристік жобалардың тізбесін жасақтау міндеті қойылды. Мемлекет басшысы Қазақстанда халықаралық аэрохаб құру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте Қарағанды әуежайы маңызды рөл атқара алады. Инвесторлар жылына 50 мың тоннаға дейін жүк тасымалдауға арналған терминал салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда әуежай Эквадор, Нидерланды, Бельгия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен жүк рейстеріне қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша әуе кемелерінің техникалық қонуын ұлғайту көзделген.

Кеңесте сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін мемлекеттік басқаруға енгізу мәселесі қозғалды. Осыған байланысты азаматтарға кеңес беру және өтініштерін өңдеу мақсатында электрондық көмекшілерді пайдалану қызметі ұсынылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жаңа желілерді салу және ескілерін жаңғырту жалғасады. Биыл алты ірі жоба – тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін жүзеге асырылады. 33 жоба – ауызсу және кәріз жүйелерін жаңарту бойынша іске қосылады. 3,2 шақырым жылу желілері, 98,9 шақырым су құбыры және кәріз желілері жаңғыртылады. Облыстағы энергетикалық қауіпсіздікті күшейту үшін 2028 жылға дейін үш ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар: Қарағанды ЖЭО-3, «Топар» МАЭС және Балқаш ЖЭО. Қуат көздерін арттыру үшін екі жаңа қазандық пен төрт турбина іске қосылады.  Жиында өңір басшысы бюджет қаражатын тиімді пайдалану, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі дамыту мәселелерін қозғады.

– Мен кәсіпорындарға барып, жаңа форматта кездесулер өткіздім. Жыл сайынғы халықпен кездесулерімізге барлық азаматтың қатысуы мүмкін бола бермейді. Сондықтан өз орынбасарларыма, қала және аудан әкімдеріне еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, агроөнеркәсіп кешені мамандарымен, жастармен және басқа да салалардағы азаматтармен тікелей кездесулерді жиілетуді тапсырамын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысының сегіз негізгі бағыты бойынша жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттілігі айтылды. Әкімдік әр салада нақты көрсеткіштерге қол жеткізуге міндеттелді. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық бақылау және ашықтық қағидаттарына негізделе отырып жүргізілетін болады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»