Жұмысшы мамандықтар жылы

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қарағандыда ерекше кездесу өтті. Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы артып келеді. Қоғамның дамуы мен экономиканың тұрақтылығы білікті мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан жастарды еңбекке баулу, олардың қолөнер мен өндіріс саласына қызығушылығын арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде айрықша кездесу ұйымдастырылды. Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп оқушылары ағаш шебері, бесінші дәрежелі ұстаз Болат Оразғұловпен жүздесті. Шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтті. Құрметті қонақ өзінің өмір жолы, еңбек тәжірибесі туралы әңгімелеп, қолөнер туындыларын таныстырды.

Адал еңбек – өмір мәні. Жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы уақыт өткен сайын артып келеді. Қоғамның дамуы мен экономиканың тұрақтылығы білікті еңбек адамдарына тікелей байланысты. Сондықтан жастарды еңбекке баулу, олардың қолөнер мен өндіріс саласына қызығушылығын арттыру – маңызды міндеттердің бірі.

– Осы шара аясында музей қызметкерлері құрылысшылар мен басқа да жұмысшы мамандық иелері бейнеленген картиналар көрмесін әзірледі. Бұл көрме қонақтар мен оқушыларға еңбек адамының қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын көрсетуге арналды, – деді Облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Бибігүл Құдабаева.

Ақсақал құрылыс саласында еңбек еткен жылдарын, мектепте оқушыларды құрал-сайманмен жұмыс істеуге үйреткенін еске алды. Сондай-ақ қазіргі заманда жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Оқушылар шебердің әңгімесін қызыға тыңдап, оның қолөнер туындыларын тамашалады. Олардың арасында ағаштан жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдар, тұрмыстық заттар және декоративті композициялар бар.

Болат Оразғұлов – өз ісінің нағыз шебері әрі өмірін еңбекке арнаған жан. Ол Қарағанды облысындағы Ростовка ауылында дүниеге келген. Оның әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл мектебінің директоры болған. Алайда Сәттібек ерте қайтыс болып, анасы сегіз баланы жалғыз өзі өсірді. Болат Сәттібекұлы жастайынан еңбекке араласып, әртүрлі қара жұмысты атқарды. Құрылыс саласында тәжірибе жинап, әртүрлі мамандықты меңгерді. Әскер қатарынан кейін туған ауылындағы ағаш шеберханасында еңбек етті. 25 жасында отбасын құрып, Саран қаласына қоныс аударды. Ол жерде жөндеу-құрылыс басқармасында жұмыс істеп, кейіннен Саран педагогикалық училищесін «Сызу және еңбек» мамандығы бойынша тәмамдады. Ұстаздық жолында Болат Оразғұлов оқу-өндірістік комбинатында, Саран қаласындағы мектеп-интернатта, кейіннен Үштөбе совхозындағы ауыл мектебінде еңбек сабағының мұғалімі болып қызмет етті. Ол жас ұрпақты еңбекке баулып қана қоймай, олардың патриоттық тәрбиесіне де ерекше мән берді. Болат Сәттібекұлы Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің тұрақты досы. Оның еңбегі елеусіз қалмай, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғысхатымен марапатталған.

– Кездесуден кейінгі әсер ерекше, бұл кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті. Өз басым өмірлік серігім Батен Бөкпантаевамен бірге Серік пен Гүлмира есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім. Бүгінгі кездесу кеші, өмірімнің бір бөлігі деп білемін, – дейді шебер Болат Оразғұлов.

Айта кету керек, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде жұмысшы мамандық иелерімен осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл кездесулер жастардың еңбекке деген құрметін арттырып, олардың болашақ мамандықтарын таңдауда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                   

«QH»