Ақылды бағдаршам
Наурыз айында қаламызда «ақылды бағдаршамдар» толығымен іске қосылады. Бұл жол кептелістерімен күресуге және трафикті жақсартуға көмектеседі. Жүйе жұмысы туралы қала әкімі Мейрам Қожухов облыс әкімдігінің аппарат отырысында баяндады.
– Наурызда «Ақылды бағдаршам» жүйесін енгізуді толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда барлық қажетті жабдық жеткізілді. Қазір оларды монтаждау және барлық бағдаршамды жасанды зиятпен үйлестіру жүріп жатыр, – деп есеп берді Мейрам Қожухов.
Жаңа жүйе көлік ағынының қарқындылығын ескере отырып, қиылыстардағы қозғалысты реттейді. Автокөлік иелері жол жүру уақытын қысқарта алады. «Ақылды бағдаршамдар» бірнеше режимде жұмыс істейді: бейімделген және «жасыл толқын».
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Мейрам Қожухов сондай-ақ 34 жаңа бағдаршам мен 10 сфералық айнаны орнату жоспары туралы хабарлады. Бұдан басқа, бағдаршамдар үшін үздіксіз қуаттандыру көздері орнатылады.
Қарағандыда жасанды интеллект көмегімен жолдағы шұңқырлар да анықталатын болады. Пилоттық режимде жол жабынын сараптау жүйесінің жобасы іске асырылуда.
– Команда бағдарламаның өзегін әзірледі. Қазір бейне ағын жедел жәрдем көліктерінен және жобаға қатысушылардың көліктерінен жиналады. Алынған ақпарат картада көрсетіледі. Жоба бойынша гипотезаны тексеруге жеке инвестиция саламын деушілер де табылды, – деді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Компьютерлік көруге негізделген технология коммуналдық қызметтерге жолдарды нақты уақыт режимінде бақылауға көмектеседі.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»