Қарағанды облысындағы ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай

Қарағанды облысында 2024-2025 жылдардағы эпидемиологиялық маусым басталғалы, яғни 1 қазан мен 24 қаңтар аралығында, жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) ауруының 57 549 жағдайы тіркелді. Оның ішінде науқастардың 58%-ы 14 жасқа дейінгі балаларды құрайды (33 270 жағдай). Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 5,9%-ға төмендегені байқалды.

Сонымен қатар, тұмаудың зертханалық расталған 76 жағдайы анықталды, оның ішінде 57 жағдайда 14 жасқа дейінгі балалар ауырған.

Тұмау және басқа вирустардың таралуы

Эпидемиологиялық маусым барысында 875 сынама зерттеліп, оның 37%-ы тұмауға жатпайтын вирустарға оң нәтиже берді. Ең жиі анықталған вирустар:

Риновирус – 34%,

РС вирусы – 24%,

Парагрипп – 12%,

Аденовирус – 5,5%,

Боковирус – 5,2%,

Маусымдық коронавирус – 18,4%,

Метапневмовирус – 0,9%.

Метапневмовирус: қауіптері мен алдын алу жолдары

Адам метапневмовирусы (hMPV) тыныс алу жолдарының инфекциясын тудырады және әсіресе балалар, қарттар мен иммунитеті әлсіреген адамдар арасында ауыр өтеді.

Қарағанды облысында өткен эпидемиологиялық маусымда метапневмовирус инфекциясының 16 жағдайы тіркелсе, ағымдағы маусымда – 3 жағдай анықталды.

Инфекцияның таралу жолдары

Метапневмовирус ауа-тамшы және байланыс жолдары арқылы беріледі. Вирус жұқтырған адам түшкіргенде немесе жөтелгенде сілекей тамшылары арқылы тарайды. Сондай-ақ вирус жұқтырған беттерге тиген қолдар арқылы ауызға, мұрынға немесе көзге жетуі мүмкін.

Алдын алу шаралары

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келесідей алдын алу шараларын сақтауды ұсынады:

— қоғамдық орындардан кейін қолды жуу немесе антисептиктерді қолдану;

— бетке лас қолды тигізбеу;

— түшкіру және жөтелу кезінде респираторлық этикет ережелерін сақтау;

— қоғамдық көлікте немесе адамдар көп жиналатын орындарда бетперде тағу;

— иммунитетті нығайту үшін дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және дене белсенділігі.

Иммунитеті әлсіреген адамдарға тұмауға, пневмококкқа және коронавирусқа қарсы вакциналар алу ұсынылады.

– Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың маусымдық өсуі байқалуда, бұл ауа райы жағдайларымен және вирустардың белсенділігімен тікелей байланысты. Қоғамдық денсаулықты сақтау үшін әрбір тұрғын санитарлық-гигиеналық шараларды қатаң сақтауы қажет, – дейді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байғұтанова.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»