Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған салтанатты кеш
Қарағандының Кеншілер мәдениет сарайында қазақтың бұлбұлы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың 95 жас мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Кештің басты мақсаты – қазақтың мақтанышы, мәңгілік өнер тұлғасы Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың 95 жылдық мерейтойын өнерсүйер қауыммен бірге атап өту.
– Құрметті Бибігүл Ахметқызы! Сізді 95 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз байтақ даламызды бұлбұл үніңізбен тербеп, ғасырға жуық уақыт бойы сахнада өнер көрсетіп келе жатқан дара тұлғасыз. Мерейтойыңыз туған жеріңіз Семей қаласында бастау алып, Астана, Алматы қалаларында өтіп, бүгінгі кеште Қарағанды қаласында жалғасын тауып жатқаны біз үшін зор мәртебе. Осындай әдемі қалпыңызда халықтың ыстық ықылас құрметіне бөленіп, жасай беріңіз! Мерейтойыңыз құтты болсын! – деді мерейтой иесін құттықтаған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Мерейтойлық концертте еліміздің үздік орындаушылары Толқын Забирова, Азамат Желтыркөзов, Талғат Идрисов, Амантай Ибраев, Маржан Буланова, Меир Байнеш, Меруеш Башай және Рысты Рахимжан өнер көрсетті. Бұл кеште көрермендерге қазақ және әлем классикасының ең үздік туындылары ұсынылды.
Бибігүл Төлегенова – қазақ халқы мәдениетінің асыл мұрасы, ұлттық опера өнерінің жарқын жұлдызы. Оның дауысы – лирикалық-колоратуралы сопрано – ғажайып табиғи байлығы мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі. 1954 жылы Алматы консерваториясын бітіргеннен кейін, ол сахна әлемінде жаңа дәуірдің бастамашысына айналды.
Әнші өмірінің маңызды бөлігі өнер арқылы халқына қызмет етумен өтті. Оның репертуары 1 000-ға жуық ария, романс және қазақ пен әлем композиторларының туындыларынан тұрады. «Гауһартас», «Бұлбұл», «Құсни-Қорлан», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты шығармаларды өзіне тән орындаушылық мәнерімен қазақ өнерінің алтын қорына енгізді.
Бибігүл Ахметқызының есімі тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал. Ол алты құрлықты қамтыған гастрольдік сапарлар арқылы қазақ өнерінің мерейін үстем етті. Ұстаз ретінде де талантын паш етіп, көптеген жас дарынды өнер жолына баулыды. Оның шәкірттері бүгінгі таңда әлемдік сахналарды бағындыруда.
Бұл салтанатты кеш – қазақ өнерінің тарихына алтын әріптермен жазылатын елеулі оқиға. Бибігүл Төлегенованың мұрасын дәріптеу және оны келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің абыройлы міндеті.
Кешті ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»