«Армандағы қуыршақ» сәндік-қолданбалы өнер байқауы

Қарағанды қаласының Іскерлік белсенділік орталығында өткен «Армандағы қуыршақ» атты сәндік-қолданбалы өнер байқауы қаланың мәдени өміріндегі ең жарқын оқиғалардың бірі болды. Бұл ерекше шара сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің өнерін көрсетіп, шығармашылық пен ұлттық дәстүрлерді жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Байқауды ұйымдастыруға «Шебер» қоғамдық бірлестігі жетекшілік етті. Шараны «World Beauty» және «Fashion House International» республикалық және халықаралық өкілдіктері қолдады.

Серіктестер қатарында танымал брендтер мен медиа ұйымдар болды, атап айтсақ: «Sary-Arka Cinema» кинотеатрлар желісі; «Family Park Ali-Baba» ойын-сауық орталығы; «World Beauty Kazakhstan» журналы; «Райымбек» компаниясының «Amnrzia» бренді. Медиа серіктестер қатарында «АРСК Хабаршысы», «Индустриальная Караганда» газеті, «Новое ТВ» телеарнасы және «Zhana FM» радиосы болды.

Қазылар алқасы қатаң іріктеуден өткен 39 жұмысты бағалады. Қатысушылар өз жұмыстарын келесі аталымдар бойынша ұсынды:

— этно-стильдегі қуыршақ;

— авторлық қуыршақ;

— интерьерлік қуыршақ;

— миниатюралық қуыршақ.

Байқау нәтижесінде шеберлік пен шығармашылықты бірдей үйлестіре білген жеңімпаздар анықталды.

Grand-prix жүлдесіне қарағандылық Ольга Панфилова ие болды, ал Grand-master атағы 70 жастағы Алла Кимге бұйырды.

«Халық таңдауы» жүлдесін Теміртау қаласынан келген Юлия Журавицкая-Адамчук жеңіп алды.

Және де әр аталым бойынша 1 және 2 орындар жеңімпаздары да лайықты марапатқа ие болды.

Байқау аясында сән көрсетілімі өтті. Теміртаулық дизайнер Елена Кудреватыхтың орыс нео-фольклорлық стильдегі «Макраме» және «Фуфайка-style» топтамалары көрермендерді тәнті етті. Ал қарағандылық Муса Барханоев киберпанк стиліндегі авторлық джинс күртешелерін ұсынды. Бұл көрсетілімге «Avrora-Studio» модельдік агенттігінің оқушылары қатысты.

– «Армандағы қуыршақ» байқауы – бұл тек шығармашылық байқау ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнер мен қазіргі заманның үйлесімділігі. Қатысушылар өз еңбектері арқылы өнердің шексіз мүмкіндіктерін дәлелдеді. Әрбір қатысушы диплом, арнайы сыйлықтар және естелік заттар алды, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Шара көрермендерге шабыт сыйлап, өнерге деген қызығушылықты арттырды. Ерекше байқау шығармашылық пен өнерді сүйер қауымның жүрегінде ұзақ уақыт сақталатын жарқын әсер қалдырды.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»