Интернет-алаяқтар ұсталды
Қарағанды облысында интернет-алаяқтардың қызметі тоқтатылды: 200-ден астам SIM-карта мен алаяқтыққа арналған құрал- жабдықтар тәркіленді.
Қарағанды облысының киберполиция қызметкерлері ІІМ-нің киберқылмыспен күрес департаменті, ҰҚК және ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып, интернет-алаяқтыққа байланысты заңсыз әрекеттерді тоқтатуға бағытталған операция жүргізді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Теміртау қаласының 34 және 36 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Күдіктілер ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарын заңсыз өзгертті, сондай-ақ осы мақсатта бағдарламалық қамтамасыз етуді жасап, қолданды және таратты деп айыпталуда.
Тергеу барысында қаскүнемдердің бір бөлмелі пәтерді жалға алып, онда арнайы жабдық орналастырғаны анықталды. Олар әр 10 күн сайын пәтерге келіп, пайдаланылатын құрылғылардағы SIM-карталарды ауыстырып отырған.
Тінту барысында полиция қызметкерлері 232 SIM-карта мен екі жиынтық сим-бокс жабдығын тәркіледі. Бұл құралдар алаяқтық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қолданылған.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқыққа қайшы әрекеттердің барлық мән-жайын және ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының киберполиция қызметкерлері Қарағанды қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Ол әлеуметтік жәрдемақы алуға және жүргізуші куәлігін дайындауға көмектесу сылтауымен азаматтарды алдап, олардың атына онлайн-несиелер рәсімдеген. Оның 11 эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. Фигуранттың осындай басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі