Жұмысшы мамандықтар жылы
2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау – мемлекетіміздің еңбек адамына деген құрметінің көрінісі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолға алып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орнын арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл шешім еліміздің болашақ өнеркәсібіне, ауылшаруашылығына, жалпы экономикалық дамуына елеулі әсерін тигізері анық.
Жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы бұрыннан белгілі. Индустрияландыру кезеңінде ауыр еңбекпен айналысатын, бірақ әлеуметтік мәртебесі төмен деп саналатын жұмысшы табы ел дамуының негізгі қозғаушы күші болғанын тарих дәлелдеп отыр. Алайда, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген теріс көзқарас ұзақ уақыт бойы қалыптасып келді. Енді біз бұл стереотиптерді бұзу үшін нақты қадамдар жасап жатырмыз дейді, еңбек адамы Алма Асхатқызы.
– Еңбек адамының ертеңі – ел болашағы. Еліміздің дамуы еңбекқор, білікті мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға баулу, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Жастар өздеріне ұнайтын салада білім алып, сол бағытта еңбек етсе, еліміз үшін де, өздері үшін де тиімді болары сөзсіз, – деді Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Алма Темірболатова.
Еңбек адамының мәртебесін арттыру – ел дамуының кепілі. Жұмысшы мамандықтары индустрияның әр саласында қажет. Құрылыс, ауылшаруашылығы, энергетика сияқты маңызды салаларда маман тапшылығы байқалады. Сондықтан бұл бағытта жүйелі реформалар жүргізу – уақыт талабы. Президенттің тапсырмасымен елімізде техникалық және кәсіби білім беру жүйесі реформалануда. Шетелдік жетекші 23 университеттің филиалы ашылып, жұмысшы мамандықтарына гранттар саны ұлғайтылады. Ендігі кезекте кәсіптік білім беру сапасын да арттыру қажет. Қарапайым еңбек адамдарына берілетін құрметті атақтардың мемлекеттік марапаттар санатына қосылуы да қоғамдағы көзқарасты өзгертудің бір жолы. Бұл – еңбек адамының мәртебесін көтеріп қана қоймай, жастарды жұмысшы мамандықтарына қызықтырудың тиімді әдісі. Алма Асхатқызының үлгісі – еңбек адамына құрметтің көрінісі. Маман даярлауда колледждің рөлі ерекше. Осы бағытта Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Алма Асхатқызының еңбегін атап өткен жөн. Еңбек өтілі 30 жылдан асқан бұл педагог техникалық және кәсіптік білім беру саласына үлкен үлес қосып келеді. Бірнеше жоғары білім алып, 1994 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетін аяқтаған ол, өзінің қажырлы еңбегімен көптеген маман тәрбиелеп, кәсіптік білім беру жүйесін дамытуда көшбасшы болып отыр.
– Мамандық таңдау – адамның болашағына жасалған маңызды қадам. Әрбір жас өзіне ұнайтын, қабілеті мен табиғатына сай мамандықты таңдағаны жөн. Бұл тек жеке басының табысты болуы үшін ғана емес, қоғамға пайдасын тигізетін мықты маман болуына негіз болады. Біздің мақсатымыз – жастарға сүйікті ісін тауып, еңбек жолында жетістікке жетуге жол ашу, – дейді Алма Темірболатова.
2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау арқылы біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп, қоғамның әрбір мүшесіне өз еңбегімен үлес қосуға мүмкіндік береміз. Бұл бастама еліміздің жарқын болашағына жетелейтін маңызды қадам екеніне сенім мол.
Қанағат КҮЛШЕБАЕВА,
«QH»