Пиротехникалық отшашулардан сақ болыңыздар

Төтенше жағдайлар басқармасы мен Қарағанды қаласының Полиция басқармасы бірлесіп қаламыздағы ірі базарлардың бірінде Жаңа жыл қарсаңында рейд жүргізді. Шара барысында сатушылар мен тұтынушыларға жадынамалар таратылып, отшашуды қалай таңдау керектігі айтылды.

Жаңа жылдың өртсіз және қатерсіз өтуі үшін Қарағанды қаласы төтенше жағдайлар басқармасы алдын алу шараларын жалғастырып жатыр. Іс шарада пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережесі түсіндірілді. Атап айтатын болсақ, шыршаны жылыту жүйелері мен электрмен жылыту құрылғыларының жанына орнатпауды және оларға шам жағуға, тез тұтанатын материалдардан жасалған ойыншықтармен безендіруде сақ болыңыз.

— Жаңа жылды отшашусыз елестету мүмкін емес. Ол мерекенің символы іспетті. Алайда, сырты әдемі өнімдердің іші өте қауіпті. Себебі, сатушының сату лицензиясы, пиротехникалық заттардың сертификаты көп жағдайда болмай жатады. Сертификациясы жоқ, өте қауіпті. Оған ешкім жауапты емес. Ол қолдан жасалуы мүмкін. Құрамындағы әртүрлі жарылғыш заттар зақым келтіруі мүмкін, -дейді ТЖБ бастығының орынбасары Ернұр Нұрсафин.

Сондай-ақ, маманның айтуыша пиротехикалық бұйымдарды қолдану кезінде ғимараттар мен құрлыстардан 50 метр жақын жабындар мен ағаштардың астында атуға болмайды. Және қатты желде пайдалануға, сонымен қатар балаларға беру, аса қауіпті. Тіпті таныс және қарапайым пиротехникалық бұйым түрлерінде де ақау болуы мүмкін.

— Пиротехниканы қолданар кезде жаңғыш материалдар мен басқа құрамдардың ара қашықтығы сақталуы тиіс. Ең бастысы сол. Тек тұрмыстық пиротехниканы қолдану керек. Отшашуды жақпас бұрын нұсқаулықпен жіті танысу керек. Ал, пиротехникалық заттар тек мамандандырылған және сертификатталған дүкендерден сатып алынуы тиіс. Қорап бүтіндігі, сақтау мерзімінің жарамдығы да – маңызды. Мамандардың кеңесі – осы,-дейді Ернұр Нұрсафин.

Жанып тұрған пиротехникалық бұйымдарды қолда ұстауға және оларды адамдарға бағыттауға болмайды. Сондай-ақ мұндай өнімді көшеде, ормандарда қолдануға тыйым салынады. Жарамдылық мерзімі өткен отшашауды сатып алмаған абзал. Рұқсаты жоқ кәсіпкерлер пиротехникалық бұйымдарды сатқан жағдайда оларға комерциялық емес орындарға 20 АЕК, орта кәсіпкерлікпен айналысушыларға 30 АЕК, ірі бизнес иелеріне 70 АЕК және мүлкін тәркілеу қарастырылғанын айта кеткен жөн.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                    

«QH»