Қарағанды облысының әкімі Бразилия ФР Баия штатының губернаторымен кездесті
Қарағанды облысына делегация құрамында Бразилия ФР Баия штатының губернаторы Руи Коста дос Сантос келді. Өңір әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде облыстың Бразилиямен өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы қонақтарға әлеуметтік-экономикалық даму және ерекше салық және кедендік режимі бар индустриялық аймақтар туралы айтып берді.
– Біздің облыстың өнімі әлемнің 50-ден астам еліне экспортталады. Өкінішке орай, Бразилияның экспорттық картада әлі жоқ. Бүгінгі кездесу одан әрі табысты ынтымақтастыққа оң серпін береді деп сенемін, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Бразилия ФР Баия штатының губернаторы Руи Коста дос Сантос өз кезегінде оны жылы қабылдағаны және елдер арасында байланыс орнату мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.
– Бізде Қарағанды облысымен тек әлеуметтік-экономикалық қана емес, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салада да ынтымақтасуға қызығушылық бар, – деді Руи Коста дос Сантос. – Біздің штаттың аумағын Франциямен салыстыруға болады, бізде қолайлы климаттық жағдайлар бар. Экономика мен өнеркәсіп айтарлықтай әртараптандырылған. Сіздердің салаларыңызбен өзара серіктестікті жолға қою және өзара тиімді жобаларды іске асыру жоспарда бар.
Руи Коста Дос Сантос бірін-бірі толықтыру қағидаты бойынша ортақ түйісу нүктелерін анықтау мақсатында жұмыс тобын құруды ұсынды. Атап айтқанда, бизнес өкілдеріне өзара қарым-қатынас жасауға көмектесу.