Қысқа мерзімді кәсіптік оқулар

Қарағанды облысында еңбек нарығын қанағаттандыру үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылмақ. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қысқа мерзімді кәсіптік курстарда оқыту жүргізіледі. Колледждер дуальды оқытуды дамытады және жаңа сұранысқа ие мамандықтарды енгізе түседі. Тұрғындарды жаңа мамандықтарға оқыту үшін биыл Jumys Tap пилоттық әлеуметтік жобасы іске қосылды.

Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңестің кезекті отырысында кадрларды даярлаумәселелері көтерілді.

– Биыл жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес 506 адам оқытылды. Бүгінгі таңда 87%-ы жұмысқа тұрды. Сондай-ақ, кәсіптік оқыту Skills Enbek платформасы арқылы жүзеге асырылады. Биыл 2489 адам тегін онлайн курстардан өтті. Сонымен қатар, Jumys Tap жобасы бойынша білім басқармасымен бірлесіп бес колледж базасында 28 мамандық бойынша оқыту ұйымдастырылды, – деп хабарлады жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

2025 жылға арналған жоспарда әртүрлі бағыттар бойынша 3 400-ге жуық адамды оқыту көзделген.

Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісованың айтуынша, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жоспарлануда. Еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес колледждерде «полимерлік өндіріс технологиясы», «газбен жабдықтау жүйелерін монтаждау және пайдалану», «гидротехник» және т. б. сияқты жаңа мамандықтар оқытылуы тиіс.