Облыстың көкпаршылар командасы іріктеледі

Қарағандыда көкпардан облыстық сайыс өтуде. Көкпардан жеті команда республикалық деңгейде өнер көрсету үшін іріктеу турнирінде өзара бақ сынасуда.

Ат үстінде өнер көрсетуге Шет, Жаңаарқа, Нұра, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Осакаров аудандарынан 15-17 жас аралығындағы 100-ден астам бозбала келген.

Үш күнде қазылар алқасы 12 мықты спортшыны анықтап, облыс құрамасының жаңа құрамына қабылдайды. Дәл осы жасөспірімдер қараша айының басында Алматы облысында өтетін рсепубликалық чемпионатта басты олжа үшін күресетін болады.

Көкпардан аға жаттықтырушы, сондай-ақ, «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері балаларжасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Нұржан Шайхиннің айтуынша, қазір аудандарда жарыстарға дайындық қызу жүріп жатыр.

— Жарыстар болашақ ипподром орнында өткізілуі мүмкін, — дейді ол. — Осы спорт түріндегі ең мықты командалар қазір Шет, Жаңаарқа және Нұра аудандарында. Облыс әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен биыл көкпардан жеті бапкерге еңбек ақысын төлеуге қаржы табылды. Қазір Қарағанды өңірінің командасы ересектер арасында республикадада екінші орында. Ал, жастар, өкінішке қарай, төрт командаға жол беріп келеді. Бірақ, бұл да – жақсы нәтиже. Өйткені, олар жақында ғана қарқынды және мақсатты түрде жаттығуды бастады. Біз ең мықтылардың қатарына бозбалалалар да енгенін қалаймыз.

Осы жылы Тараз қаласында көкпардан өткен республикалық турнирде Қарағанды облысының құрамасы 2-ші орын алса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткен көкпардан «Өнер көкпары» республикалық турнирінде Қарағанды облысының «Qaraģandy» өнер-көкпар құрамасы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, турнирдің қола жүлдегері атанған болатын. Ендігі кезек – жастарда.

Алайда, Нұржан Шайхин атап өткендей, біздің өңірде ұлттық спорт түрлерін әлі де дамыту қажет. Мұны өткен аптада Нұр-сұлтан қаласында өткен «Ұлы дала рухы» республикалық фестиваліндегі нәтиже айқындай түсті. Фестивальде Қарағанды тек екі спорт түрі бойынша ғана қатысты. Өкінішке қарай, жүлдегерлердің үштігіне кіру мүмкіндігі бұйырмады. Егер жартылай финалда біздің спортшылар жамбы ату мен бәйгеде бірінші орын алып, көкпарда күміс жүлдегер атанса, теңге ілу мен аударыспақ бойынша қола жүлдені иеленгенде, финалда мүлдем басқа көрініс болар еді. Алайда, жерлестеріміз төртінші орынды қанағат тұтты.

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,

«QH»