2 Мыңнан астам азаматтың қылмысқа негізсіз тартылуына жол берілмеген

Кез-келген мемлекеттің басты құндылығы ол сол елдің азаматы. Бұл тіпті конститутцияның да басты бетінде тұр. Алайда Қазақстанда адам құқықтары қашанда жоғары дәрежеде сақталып келеді десек, оңбай қателескен болар едік. Бірақ, жағдай анау айтқандай нашар да емес. Қысқасы дамушы мемлекет, жан-жақты дамып, соның ішінде конституциялық нормалардың толық сақтаплуы, адамның бас бостандығы мен еркіне шек келтірмеу жәйттары жыл өткен сайын жетілдіріліп келеді.

Сөзге дәлел жақында ғана елдің бас прокуратурасында азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және қылмыстық процесті жаңғырту кезеңдері талқыланды. Қадағалау органы қызметкерлері қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері бойынша үйлестіру кеңесі мен алқа отырыстарын өткізген. Оған үйлестіру кеңесі мен алқа мүшелері, құқық қорғау ведомстволарының басшылары, облыстардың прокурорлары мен аумақтық қылмыстық қудалау органдарының бастықтары қатысты.

Жиында прокурордың мақұлдауынсыз заңды күші болмайтын сотқа дейінгі тергеу органдарының негізгі процестік шешімдерін келісудің алғашқы нәтижелері талқыланды. Бұл адал азаматтарды қылмыстық ортаға тартуға жол бермей, қабылданған шешімдердің заңдылығын ерте кезеңде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылық , техникалық және кадрлық шаралар кешені тергеушілер мен прокурорлардың өзара іс-қимылын жақсартады. Өз сөзінде бас прокурор «Біз бірлескен жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Қателер, айла-шаралар мен заң бұзушылықтар азайып келеді. Сондай-ақ процеске қатысушылардың шағымдары үшін алғышарттар қысқаруда» — деді.

Жыл басынан бері тергеу органдарының 290 мың қаулысы прокурорлық сүзгіден өтті, оның 36 мыңы бойынша келісуден және бекітуден бас тартылған. Бұдан бөлек, заңсыз шешімдерге ден қою жеделділігі артты. Егер бұрын оған бір айға жуық уақыт кетсе, қазір істердің 97%-і 3 күн ішінде қаралуда.

Нәтижесінде азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу саны 14%-ке, оның ішінде сотқа дейінгі сатыда — 38%-ке қысқарды. Тергеу органдарының изоляторлары мен қызметтік үйжайларында заңсыз ұсталған адамдар үш есеге (33%) азайды. Ең бастысы 2 мыңнан астам азаматтың қылмыстық ортаға негізсіз тартылуына жол берілмеген.

Қазіргі уақытта мемлекет басшысының қыркүйектегі жолдауын орындау үшін прокурорларға аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актілерін жасау құқығын беруді енгізу мәселесі бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді. Заң жобасы Парламентке енгізілген. Бұл прокурордың дәлелдемелерді тәуелсіз құқықтық бағалау тетігін күшейтеді және оның айыпталушыны сотқа бергені үшін жауапкершілігін дербестендіреді.

Осыған байланысты Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 2021 жылдың шілдесінен бастап бүкіл ел бойынша пилоттық режимде екінші кезеңді сынақтан өткізуде. Кеңес қорытындысы бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделін дамытуға және азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеуге бағытталған қосымша шаралар кешені әзірленді.

Расул МҰХАММЕД,

QH.