Қырағы сақшылар – қала қорғаны

Қарағандыда полицейлер өрт болып жатқан подъезден балаларды алып шыққан.

Қарағанды қаласының полиция басқармасының патрульдік полиция полкінің құрамында аға лейтенанттар Дамир Адалиев және Асылхан Шынарбек бар арнайы экипаж қаланың Орталық аумағында қызметте болған.

Сағат 20.30 шамасында «Пичугина көшесінің бойындағы бес қабатты үйдің пәтерінде өрт болып жатыр» деген суық хабар келіп түскен. Полицейлер оқиға болған орынға қас-қағым сәтте жеткен. Үйдің бірінші қабаты өртеніп, қара түтін шығып жатты.

Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп, подъезге кірмекші болған азаматтардың жолына тосқауыл қойған болатын. Үйден жүгіріп шығуға үлгерген тұрғындар көшеге жиналды. Алайда, көп адам өз пәтерлерінен шығып үлгермеген.

— Серіктесім екеуміз подъездге жүгіріп кіріп, пәтер есіктерін қаға бастадық. Түтіннің қою болғаны сонша, мен басыма күртеше жауып, Дамир бетін бас киімімен қымтап алды. Содан кейін ғана тыныс алу мүмкін болды. Біз төртінші қабатқа көтерілдік. Белгілі болғандай, 16- шы пәтерде сегіз және он жастағы қыздары бар әйел адам болған. Олармен бірге пәтерде ит те бар болып шықты. Әріптесім екуміз олардың бәрін көшеге шығардық, — дейді Шынарбек Асылхан.

Полицейлер енді ғана таза ауамен тыныс алып, ес жиғанда олардың жанына ерлі-зайыптылар жүгіріп келіп, үйде қарт ата-анасы, екі айлық бала мен екі жасар ұлдың қалып кеткендігін айтқан. Өрт басталған кезде қарттар екі айлық сәбиімен бірге үйден шығып үлгерген, ал екі жасар немересі пәтерде қалған. Сонымен қатар, бес жасар баласы бар әйел бесінші қабаттағы пәтерде қалып қойғаны белгілі болды. Полицейлер ойланбастан, қайтадан қауіпті подъезге жүгірген.

Екі жасар сәбиді олар балконнан тапқан. Бір таңқаларлығы, бала Шынарбек Асылханның мойнынан құшақтап, жыламаған.

— Мен алтыншы қабатқа көтеріліп, 18-ші пәтердің есігін қақтым. Пәтерде бес жасар баласы бар әйел адам бар екен. Әйелден пәтерден неге шықпағанын сұрадым. Үй иесі подъезд қараңғы және қою түтінге оранғанын көріп, шығуға қорыққанын айтты. Баланы әйелдің қолынан алып, бірге төменге түстік, — дейді Дамир Адалиев.

Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ. Сағат 23.00 шамасында тұрғындар үйлеріне қайта оралды. Полицейлер одан әрі өз қызметтерін жалғастырды. Кейіннен өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болғандығы белгілі болды.

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ

Қарағанды қаласы, Полиция басқармасы.