«Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием»
Біздің Тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл емес. Қазақ әу бастан, әлімсақтан азат ел. Қазақ деген сөздің өзі сол мағынаға саяды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз Тәуелсіздігін қалпына келтірді. Қарағанды облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» атты әдеби-танымдық кештің басты ойы бұл.
«Достық үйіне» зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, мектеп мұғалімдері, әскери сала мамандары мен БАҚ өкілдері жиналды. Рухани азық алуға.
Тәуелсіздік күніне орай өткен кеште Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов тарихымыздағы маңызды оқиғаларға тоқталып, Тәуелсіздіктің мән-мағынасын тілге тиек етті.
– Тәуелсіздік деген расында дүниенің төрт бұрышынан сүйінші сұрап, Алаш халқы бөркін аспанға ататын күн ғой. Ақ түйенің қарны жарылған шақ. Сондықтан да Тәуелсіздіктің мәнін терең түсініп оны қастерлей білуіміз керек, – деді ғалым.
Аталған университеттің «Тұлғатану» орталығының директоры, тарихшы-ғалым Нұрсахан Бейсенбекова еліміз басынан кеш қаншама нәубет кезеңдерді еске алып, бабалардың қанымен келген Тәуелсіздікті сақтау кейінгі ұрпаққа аманат екенін жеткізді.
Белгілі журналист Әли Тойжігіт: «Түсіне білген адамға Тәуелсіздік – елдің байлығы. Бұл әдеби-танымдық кештің басты мақсаты да сол – жастарға рухани азық беріп, тәлім-тәрбие беру» деп ойын білдірді.
Сондай-ақ, әдеби-танымдық кеште белгілі ақындар Руслан Нұрбай, Эльмира Сайлауқызы, Ерболат Қуатбек өлең оқып, көрерменді бір серпілтіп тастады.
Ал Қарағанды медицина университетінің 3 курс студенті Ерболат Орынбасар тарихтан сыр шертіп, Ұлы тұлғалардың ерлігіне тоқталды.
Кеш соңында Қарағанды облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова мемлекеттік тіл саясатын жетілдіруге үлес қосып жүрген бір топ тіл жанашырларын Құрмет грамотасымен марапаттады.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ