Есірткіге тосқауыл
Ірі есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз зертхана Қарағанды қаласындағы аудандардың бірінде жұмыс істеген. Жүргізілген арнайы шаралар біраз айғақ заттарды анықтады. Жүргізілген арнайы операция нәтижесінде 500 мың дозаға жуық синтетикалық есірткінің қара нарыққа шығуына тосқауыл қойылды. Осылайша қылмыстық әрекетке қаншама курьердің тартылуына жол берілмеді.
Қаладағы саяжайлардың бірінде есірткі өндіруге арналған ақ түсті ұнтақ заты бар 6 ағаш бөшке табылды. Аталған бөшкелер 39 жастағы азамат жүргізген автокөлікке тиеліп, жеке тұрғын үйге жүк тасымалдау кезінде ұсталды. Үйді тінту кезінде 1 тоннадан астам прекурсорлар мен 10 келіден астам дайын есірткі тәркіленді. Сонымен қатар сүзгілері бар 5 противогаз, жалпы салмағы шамамен 3 кг дайын альфа-pvp есірткісі бар 3 вакуумды қап, есірткі заттарды өндіруге арналған жабдықтар, және де таразылар, ұялы телефондар, жүйелік блок және заңсыз әрекеттерге қатысты басқа да заттар тәркіленді.
– Жүргізілген арнайы операция нәтижесінде, 500 мың дозаға жуық синтетикалық есірткіні қара нарыққа шығарылуына жол берілмеді. Сонымен қатар қылмыстық әрекеттерге жаңа қатысушылардың соның ішінде азаматтық тұрғындар арасынан ықтимал курьерлер шығуына нүкте қойылды, – дейді ПД ЕБҚК басқармасының басшысы Ғалымжан Бекболатов.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»