Шығармашылық көрме

«Алтын ғасыр» арт-галереясында Ева Натанованың жеке көрмесі өтті. Онда әлемге танымал қарағандылық суретшінің шығармалары көпшілікке ұсынылды. Қарағандылық өнерпаз көрмесінде кванттық сурет салу техникасын немесе автордың сөзімен айтқанда, энергетикалық реализмді ұсынды.

Ева Натанованы бүкіл әлем біледі, себебі, оның шығармалары әлемнің әр континентінде бар. «Афродита» немесе «Жан кристалы» деген сияқты туындыларымен танымал. Әр картина Ева үшін жай ғана мата емес, бұл жеке тұлға, бала сияқты, оны ең алдымен ойлап тауып, кейін формаға келтіріп, өмірге әкеледі.

– Жұмыс бастамас бұрын мен өзіме сұрақ қоямын: не айтуым керек? Қай аспектімді бірінші кезекте айықтыруым керек? Жұмыс үдерісінде менің жеке тұлғам өзгереді, ал біз барлығымыз бір ұжымда боламыз, сондықтан шығармаларыммен байланысқа түскен адамдар да айықтырудан өтеді, – дейді суретші Ева Натанова.

Ева сурет салуды бала кезінен бастаған. Оның әкесі суретші-декоратор, ағаш шебері, сәндік-қолданбалы өнермен айналысқан. Еваға бала кезінен эмоцияларын шығармашылық арқылы білдіруге мүмкіндік болған. Қарағанды педагогикалық институтының көркем-графика факультетін бітірген соң, Ева өзінің миссиясы басқа адамдарға оң энергия беріп, оларды шабыттандыру екенін түсінген.

– Бұл ізгілікке толы, ашық, жарқын энергиялық қадам. Бұл кванттық сурет өнерінің мәні, мен оны түсінемін және көрермендер де оны түсінсе деп тілеймін. Өйткені, көршіңді түсініп, оның айтқысы келгенін сөзбен емес, осылай әдемі бояулармен түсіну маңызды, –дейді «Алтын ғасыр» арт-галереясының жетекшісі Татьяна Абилова.

Бұл жолы суретші көрермендерге 48 шығармасын ұсынды. Бұл оның коллекциясының жартысы ғана.

– Менің арманым бар. Юбилейный ауданында өз үйімде тұрамын және онда суретшілердің көрмелері ұйымдастырылатын рухани орталық тәрізді галерея салуды жоспарлап отырмын. Қызықты нәрселер болатын. Өз көрмем арқылы, өз арманыма жету жолында қадам жасап жатырмын, – деп қорытындылады Ева Натанова.

Бұл арман міндетті түрде жүзеге асады, себебі, Евада адамдарды рухани байытуды ынталандыратын күшті тілек бар.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»