Кептеліс жиіледі
Көлік көбейіп, кептеліс жиілеп барады. Жүргізушілер Тәттімбет пен Кеншілер даңғылы қиылысында қозғалыс баяулап, жиі тоқтап қалатыны туралы айтады. Біраз уақыт бұрын Күнгей бағытындағы екі жолақты жолда енгізілген шектеулер нәтижесінде, көліктер тікелей бағытта тек бір жолақпен жүруге мәжбүр болып отыр.
– Бұл жердің осылай болып тұрғанына 1 жыл болды. Былайша айтқанда, негізі одан көп болуы да мүмкін. Бұрын мұнда тік жүріп, солға бұрылуға болатын. Қазір оған тыйым салынған, – дейді қала тұрғыны Дмитрий Елизаров.
Көлік жүргізушілері бұл қиылыста жол жөндеушілердің біраз уақыт бұрын қозғалыстың бір бөлігін шектегенін жақсы біледі. Енді осыған байланысты бұл учаскеде көлік кептелісі жиілеген. Жүргізушілер кезекке тұрып, үш, тіпті төрт бағдаршамның жасыл жарығын күтуге мәжбүр. Кейбір жүргізушілер, білместіктен сол жақ жолақпен өтіп, кейін оң жақ жолаққа өтуге тырысады. Бұл жағдай тұрғындар арасында жанжал тудырғаннан басқа ештеңеге әсер етіп жатқан жоқ, дейді жүргізушілер.
– Кейде болады биік-биік жүк таситын көліктер тұрып қалады. Солардың кесірінен жүргізушілер тыйым салынған белгіні көрмей қалады. Сөйтеді де тіке кетеді. Ал оны тәртіп сақшылар көріп қойса бірден айыппұл салады. Былайша айтқанда, өте ыңғайсыз, – дейді жүргізуші Дмитрий Елизаров.
Дмитрийдің өзі Оңтүстік Шығыс ауданында тұрады. Сол себепті жоғарыда айтқан мәселесі шешілмеген жолмен жиі өтеді. Камерасы көп, күрмеуі күрделі бұл жол жағдайдың тез арада шешкен дұрыс дейді.
– Осы мәселені түзесе дейміз. Осы мәселені қарайтын жоғарыда бір адам бар ғой бәрібір.
Белгілі болғандай, жол қозғалысын реттеуге жауапты тұлғалар осы жағдайдан хабардар. Олар тікелей қозғалысқа тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Не үшін? Неге?
— Бұрын қала жақтан Оңтүстік Шығыс ауданына өтетін тұста кептеліс жиі болатын. Тіпті қазіргіден жаман. Сол себепті біз Оңтүстік Шығыстан келетін көліктерді қала жаққа өтер тұсын бекіттік, – деп түсіндірді Қарағанды қаласының «Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі» ММ жолаушылар көлігі секторының бас маманы Дастан Оспанов.
Деседе бұл мәселе өз шешімін табады, дейді мамандар. Қарағанды қаласында интеллектуалды бағдаршам жүйесін енгізу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Аталған қиылыста роутерлер орнатылды, алайда жүйені барлық бағыт бойынша толықтай енгізу қажет. Бұл шаралар кептелістерді толықтай жоюға мүмкіншілік бермесе де, оларды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
– Қаладағы бағдаршамдарды біз қарап тексеріп отырамыз. Керек кезде түзетеміз. Дәл қазір қала ішіндегі бағдаршамдарға сенсорлы бақылау орнатылып жатыр. Осы арқылы көліктердің санына қарай жасыл шамы жанып тұрады, – деп атап өтті Дастан Оспанов.
Айта кету керек келесі жылы Тәттімбет көшесіндегі «Автомир» жақтан жолдың жүріс бөлігі кеңейтілмек.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»