Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Қарағанды облысында мемлекеттік қызметтегі жемқорлықтың алдын алу және этикалық нормаларды сақтау мәселелері бойынша маңызды отырыс өтті. Кеңестің күн тәртібінде мемлекеттік қызмет саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу, көлік саласындағы бақылау жұмыстарының нәтижелері және спорт басқармасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау сияқты өзекті мәселелер қарастырылды.

Жиын барысында Нұра ауданының әкімі, облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы және спорт басқармасының өкілі өз салаларындағы жұмыстардың қорытындысымен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Кеңес отырысында Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов мемлекеттік қызметтер саласында заң бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Былтырғы жылдың статистикасымен салыстырғанда биыл заң бұзушылықтың аз екенін, айтты. Оған бірінші кезекте ауылды жерлерде интернеттің толыққанды орнатылғаны себеп болды.

– Жұмыс жасап жатырмыз, қазіргі таңда аталған елдімекеннің интернет желісінің толық қосылуын қамтыдық. Былтырғы жылдан бастап 5 ауылды толық интернетпен қамтыдық, ол уақытқа дейін интернетке қатысты мәселелер көп болатын, – деді Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.

Сонымен қатар, Қарағанды облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы Серік Башимов өз бағыты бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін атап өтті. Башимовтың сөзінше, тұрғындар сенім телефоны арқылы кез-келген мәселе бойынша хабарласа алады. Осы уақытқа дейін инспекция 11 745 мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның барлығы 100 пайыз электронды форматта жүзеге асқан.

– Біз әр бейсенбі сайын жеке құраммен бірге жемқорлыққа қарсы арнайы шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, әртүрлі ақпараттық буклет пен кітапшалар таратылып, арнайы стендтер орнатылған. Кез келген тұрғын біздің сенім телефонымызға хабарласып, өз сұрақтарын немесе шағымдарын айта алады. Жалпы, 11 745 мемлекеттік қызмет көрсетілді, олардың барлығы 100 пайыз электронды форматта жүзеге асырылды, – дейді Қарағанды облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы Серік Башимов.

Жиын барысында облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков те сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау нәтижелерін ұсынды.

– Бізде жоспарлау, қаражатты игеру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Аталған шаралар жоспарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 24 ұсыныс енгізілді. Оның ішінде бүгінгі таңда 21 ұсыныс жүзеге асырылды, ал 3 ұсыныс орындалу үстінде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта 6 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Қарағанды облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков.

Жиын соңында Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жемқорлыққа қарсы күрес пен мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар беріп, алдағы жоспарларды белгіледі. Кеңестің бұл отырысы мемлекеттік қызметте ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                   

«QH»