«Сәкен» фильм-концертінің тұсаукесері

Қарағанды қаласында Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған ерекше форматтағы фильм-концерттің тұсаукесері өтті. Бұл туынды ұлт тарихындағы көрнекті тұлғаның шығармашылығына жаңа қырынан үңілуге мүмкіндік береді. Шараға Қазақстанның түпкір-түпкірінен мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ақынның ұрпақтары, оның ішінде немересі қатысты. 

«Сәкен» фильм-концерті – елде бұрын-соңды қолға алынбаған тың жоба. Оның басты ерекшелігі – көркем, деректі фильм және театр элементтерінің синтезі арқылы ұлы ақын, жазушы, мемлекет қайраткерінің өнерін ән арқылы жеткізу. Режиссер Қанат Жүнісовтың айтуынша, мұндай форматта жұмыс істеу шығармашылық ұжымға үлкен жауапкершілік пен жаңа көзқарас қалыптастыруды талап еткен.

– Бұл фильм-концерт біздің елде алғаш рет түсіріліп отыр. Ән арқылы өмірлік оқиғаларды жеткізуді мақсат еттік. Ән 3-4 минуттық болғандықтан, оған барынша қысқа да нұсқа, терең мағыналы кадрларды сыйғызуға тырыстық. Осылайша, көркемдік пен мазмұнның үйлесімін табуға күш салдық, – деді режиссер Қанат Жүнісов.

Фильмде Сәкен Сейфуллиннің кеңінен танымал әндері орындалды. Осы арқылы көрермендер ақынның шығармашылығымен жақынырақ танысып, оның халыққа қалдырған мұрасын тереңірек ұғынуға мүмкіндік алды.

Шара соңында Сарыжайлау кинотеатрында режиссер Қанат Жүнісовпен шығармашылық кездесу өтті. Әсерлі кездесу барысында көрермендер режиссер мен шығармашылық ұжымға ризашылықтарын білдіріп, осындай туындылардың қазақ мәдениеті үшін маңыздылығын атап өтті. Фильм Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған. Оның еңбектері қазақ әдебиеті мен мәдениетінде мәңгілік орын алатыны сөзсіз. Сәкен Сейфуллин тек ақын ғана емес, қоғам қайраткері, жаңашыл, ойшыл ретінде де ұлт үшін маңызы зор тұлға. Осы туынды арқылы оның өнері қазіргі ұрпаққа жаңа леппен жеткізіліп, ұлттық мәдениетке қосылған маңызды үлес ретінде жоғары бағаланды. «Сәкен» фильм-концерті көрермендердің жүрегіне жол тауып, ұлттық мұрамызға жаңаша көзқарас қалыптастырды. Мұндай бастамалар Сәкен Сейфуллин сынды ұлы тұлғалардың мұрасын сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізуге үлес қосатыны анық.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»