Сауда алаңы

Қарағанды облысы Қазақстанның негізгі сауда-логистикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия хабы бола алады. Кеншілер астанасында жаңа қазақстандық маркетплейс жұмысын бастады. Сауда және интеграция министрі облыс әкімімен бірге электрондық сауда алаңының бірыңғай қоймасын аралап, бизнес өкілдерімен және өңір тұрғындарымен кездесті.

Нан, макарон және жұмыртқа өндірісі қалай ұйымдастырылғанын сауда және интеграция министрі мен облыс әкіміне көрсетті. Бұл кәсіпорын қазақстандық нарықты ғана емес, сонымен қатар таяу шетелдерге де экспорттайтын өнімдермен қамтамасыз етеді. Мысалы, жұмыртқаны Ауғанстанға жеткізеді. Қонақтарға Қарағанды сауда ойын-сауық орталығында ірі көтерме саудагерлерге арналған тауарларды сақтауға арналған қойма кешені көрсетілді. Мұнда кірме жолдар мен кедендік бақылаудың жеке аймағы бар. Арман Шаққалиев бірқатар сауда нысанын аралады. Осакаров ауданында бизнес өкілдерімен және тұрғындармен кездесті. Сапардың мақсаты – кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа құралдарын түсіндіру.

– Қарағанды облысының өкілдерімен кездестік. Халық пен бизнес өкілдерінің сөзін тыңдадық. Негізгі мақсат – саудадағы жаңа заңнама. Шаралар сауда айналымын дамытады. Әлеуметтік тауарлардың бағасын қолжетімді қылады. Электронды сауда қолжетімді бағада тұтынушыға жағдай жасайды, – деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Қарағандыда тауарды бір күнде жеткізуді жүзеге асыратын жаңа қазақстандық маркетплейс жұмысын бастады. Тапсырыс беру пункттері еліміздің 24 қаласында ашылды. Қазір компанияда 245 адам жұмыс істейді, ал болашақта 8 мың жаңа жұмыс орны құрылады, шағын және орта бизнес қолдау алады. Жобаның басында бірыңғай қойма жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын төрт ғимаратта орналасқан. Географиялық жағдайы мен инфрақұрылымын ескере отырып, Қарағанды облысы қазақстандық тірек сауда-логистикалық орталыққа ғана емес, Орталық Азия хабына да айнала алады, деп есептейді министр. Қарағанды облысына сапары барысында ол тіпті ауылдық дүкендерге де барды. Сөрелерде отандық тауарларды орналастыру және олардың құны қызықтырды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»