Қалдықтарды өңдеу

60 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Qarmet комбинатында орасан көп өндірістік қалдықтар жиналып қалды. Осы уақытқа дейін ешқашан қалдықтарды қайта өңдеумен айналыспаған Qarmet алғаш рет оларды өңдеу үдерісіне кірісуді шешті.

Qarmet компаниясының басшылығының бағалауы бойынша, бүгінгі таңда 750 миллион тоннадан астам өндірістік қалдықтар жиналған. Бұл болат балқытушы және доменді шлактар, көмірді байыту өнімдері, тау жыныстарының үйінділері және басқа да материалдар. Бұл бағалы екінші шикізат, оны құрылыс қоспаларын, тыңайтқыштар өндіру үшін қолдануға болады. Оларда түрлі салада сұранысқа ие қымбат металдардың қоспалары бар. Мысалы, мырыш, мыс, қорғасын.

– Біз қалдықтарды қайта өңдеу технологияларын енгізуді қарастырып жатырмыз. Qarmet комбинатының тарихи қызметі барысында орасан зор мөлшерде қалдықтар жиналды, оларды қайта өңдеп, жою керек, – дейді «Qarmet» АҚ бас директорының қаржы және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Зәуре Заурбекова.

Qarmet-те компанияның экологиялық жауапкершілік саласында көшбасшы болуды мақсат етіп қойғанын мәлімдеді. Бас директор Вадим Басиннің айтуынша, олар 2028 жылға қарай жылына 10 миллион тоннадан астам екінші шикізатты қайта өңдеуді жоспарлап отыр, бұл өндірісті тұйық циклге айналдырып, қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді серіктес ретінде шақырып, олардың қоймаларындағы қалдықтарды алып, қайта өңдеуді ұсынып жатыр.

– Біз наурыз айында қалдықтарды қайта өңдеу департаментін құрдық. Қазіргі таңда бұл департамент қайта өңдеу бағдарламасымен өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Бағдарламаға 100 миллион доллар көлемінде инвестиция салу қарастырылып, жыл сайын 9 миллион тонна қалдықты қайта өңдеу көзделіп отыр, – деп атап өтті Зәуре Заурбекова.

Qarmet басшылығының пікірінше, егер техногендік минералды кешендерді қайта өңдеу кластерін құру мүмкін болса, онда екінші шикізатты қайта өңдеуден жүздеген шағын және орта кәсіпорын пайда таба алады. Олар Қазақстан, Ресей, Қытай, Еуропа серіктестерін тартуды жоспарлап отыр. Бірқатар келісім әлдеқашан жасалған.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                   

«QH»