Зауыт қызметі

Орта Азиядағы нөмір бірінші резеңке өнімдерін шығаратын зауыт. «Polymet Solutions Corporation» ірі өндіріс орындарының диірмендерін қаптағыш шығарумен айналысады. Қазіргі таңда мұнда 80-ге тарта жұмыскер қызмет етеді.

«Polymet Solutions Corporation» компаниясы ТМД бойынша барлық зауыттың диірмендеріне қорғаныс қабатын дайындаумен айналысады. «Қазақмыс», «Казцинк», «Алтын алмас» сынды ірі өндіріс орындары дәл осы Полимедтің қаптағыштарын алады.

– Компаниялардың фабрикаларында өнім шығаратын олардың диірмендері болады. Соның ішін қаптайтын біздің керемет өніміміз, бұл өнімсіз диірмен мүлдем жұмыс істей алмайды. Бұл өнімді біз шығарамыз, ТМД бойынша, жалпы Орта Азияда нөмірі бірінші зауытпыз. Сырттан келетін тауарды қазір елімізде шығаратын біз ғана, – дейді «Polymet Solutions Corporation» бас директоры Қуандық Қазанғапов.

Қазіргі уақытта өндіріс резеңке мен металлдан тұратын қорғаныс қабатын әзірлесе, келесі жылдан бастап, темірден жасалған қорғаныс жасамақшы. Бұл үшін 10 гектар жер алынып, зауыт салынып жатыр. Оған қоса бұл жұмыс басталғанда, жұмыспен 150-ге тарта адам қамтылмақ. Мұнда айына 40-60 тонна өнім шығарылады. Фабрика өкілі қазіргі таңда өндіріс қуатының толықтай игерілмей отырғандығын айтады. Ал 2025 жылға көптеген ұсыныс түсіп тұр.

– Бұл резеңкелердің барлығы толықтай дайындықтан өтеді. Біз әртүрлі қорғаныс қабатын даярлаймыз. Металлдары екінші цехымызда даярланады. Ол италияндық аппаратпен өңделіп жасалады. Барлығы да техникалық тексеруден өткен, – деп түсіндіреді «Polymet Solutions Corporation» өндіріс бойынша директордың орынбасары Галина Харасова.

«Polymet Solutions Corporation» Ресей, Моңғолия, Болгария, Қырғызстан сынды мемлекеттерге өнімдерін экспорттауда. Жақында диірмендерге арналған болттар да шығаруды жоспарлап отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                    

«QH»