Этно бірлестікке 30 жыл

Алдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бірегей қоғамдық институттың жаңа міндеттері облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың ҚХА мүшелерімен, этно бірлестіктердің басшыларымен өткен кездесуінде талқыланды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде ұлтаралық келісім мен бірлік құндылықтарын дәріптеп, іскерлік еткеніне отыз жылға жуық уақыт болды. Ассамблея – ұлт пен ұлыстың татулығы, түрлі этнос өкілінің мәдениеті мән ұлттық мұрасын әспеттеуіне ұйытқы болар бірегей институт ретінде танымал.

– Облысымыздың әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып, қол жеткізген табыстарын нығайтуға белсенді атсалысып жүрсіздер, өңірдегі этносаралық, ұлтаралық келісімді сақтауға атсалысасыздар. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстармен де айналысуға уақыт пен мүмкіндік тауып жүрсіздер. Оған да сіздерге рақмет айтамыз. Көптеген жұмыс қолға алынды, жасалып жатыр. Жыл басынан бері облыстағы ассамблея мүшелері мен этно мәдени бірлестіктер өкілдерімен көптеген шара өткізілді, – деп атап өтті аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі кездесу барысында осы жылдағы жұмысты қорытындылап, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Ассамблеяға қарасты ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков атқарылған істерге толығырақ тоқталып, тың бастамаларды ұсынды. Әр ауылдың сайланған ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен кеңес мүшелері құрамының сапасына ерекше мән береміз дейді.

– Атырауда өткен «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» үшінші Ұлттық құрылтайда, ҚР Президенті «еліміздегі әрбір азамат осы құндылықтарды берік ұстану керек деген еді». Сол Құрылтайдан кейін Қарағанды облысы ақсақалдар кеңесі «Адал азамат» жобасын ұсынды. Және жоба Президент әкімшілігінен қолдау тапты, – деді ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында әлеуметтік келеңсіздіктер – нашақорлық, құмар ойындар, зорлық-зомбылық, бұзақылық, буллинг және ысырапшылдықпен күрестің маңыздылығын атап өткен болатын. Жарқын болашаққа балта шабар бұл келеңсіздіктермен күресу жан-жақты жүргізілсе ғана іс берекелі болмақ. Ассамблеядағы аналар кеңесі де бес кеселмен күресуде бірқатар жұмысты бағдарлаған.

– Нашақорлықпен күресу, ол қазіргі кезде жасөспірімдер арасында үлкен бір мәселеге айналып кеткені бәрімізге мәлім. Сондықтан, бұл жұмыс өте күрделі түрде өткізілуі керек деп ойлаймыз. Құмарпаздық, ысырапшылық, вандализм отбасынан басталады. Бәрі үйдегі тәрбиеден басталады, –дейді Қарағанды облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Айжан Қиясова.

Ұрпаққа отбасымызға дұрыс тәрбие беру аса маңызды міндет екенін ҚХА кезекті сессиясында президент атап өтті. Сондықтан Республикалық аналар кеңесінен жан-жақты қолдау көрсету керек деді. Және бұл бағытта жауапты құрылымдармен жұмыс жанданған дейді, кеңес төрайымы.

– Кездесу барысында жастарымыздың бала жасынан жақсы үлгілерді көріп өсуі, адамгершілік ілімдермен шектеліп қалмау маңыздылығы айтылды. Заңдылық пен тәртіп, құқықтық мәселеде жастарымыздың дұрыс түсінігі болуы үшін аймақтық деңгейде жұмысты жүргізуге ниеттіміз, – деп атап өтті Айжан Қиясова.

Ал Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Вилен Молотов-Лучанскийдің айтуынша, жастармен жұмыс жасауда диалог пен іс-әрекеттің маңызы зор. Кездесу барысында Ассамблея өкілдері білім беру, мәдениет, жастарға патриоттық, адамгершілік тәрбие беру, мемлекеттік тілді дәріптеу бойынша пікірлерімен бөлісті. 2025 жылы облыста меценаттардың Республикалық форумы өтетіні де айтылды. Достық үйінде театр студиясын ашу ұсынысы да сөз болды.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                     

«QH»