Кәсіби мереке

15 қараша – ұлттық валюта күні! Бұл күн сондай-ақ қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мереке қарсаңында облыс әкімдігінде қаржы саласының өкілдері құрметке бөленді.

Қазақстандық теңге айналымға 1993 жылы 15 қарашада енгізілген, бұл оқиға КСРО ыдырағаннан кейінгі экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізудегі маңызды қадам болды. Айта кету керек, ұлттық волюта күнімен қаржыгерлер мерекесін тойлау бейресми жағдайда өтті. Айта кетейік, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дәл осы қаржыгер мамандығын оқыған көрінеді.

– Сіздерді Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы Теңге күнімен және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық валюта ретінде теңге мемлекетіміздің тарихында маңызды рөл ойнайды. Өзгерістер мен күрделі сынақтарды теңге де басынан өткерді. Осындай өткелең кезеңде сіздер – қаржыгерлер еліміздің қаржы-қаражат саясатын іске асыруда ел игілігі үшін тер төгіп, аянбай қызмет еттіңіздер, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

– Үкімет биыл 18 қыркүйекте пилоттық жоба аясында блоктық бюджетке арналған ережелерді бекітті. Жаңа ережеге сәйкес, әкімші бюджет қаражатын өз бетінше бекітуге, қайта бөлуге және толық пайдалануға құзырет алады. Бұл жобаны жүзеге асыру Қарағанды өңіріне тапсырылды, себебі, мұнда қаржылық тәртіп жоғары деңгейде сақталып, білікті кадрлар жеткілікті, – деп атап өтті облыс әкімі.

Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина марапаттау рәсімінде Қаржы министрлігінің алғысхатын алды. Экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваға Ұлттық экономика министрлігінің алғысхаты табысталды. Сонымен қатар Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен қаржы саласының 21 қызметкері марапатталды. Ал «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін қаржыгер Бағлан Раимжанова иеленді. Ол білім беру саласында 1995 жылдан бері еңбек етеді. Жұмысын жоспарлау-экономикалық бөлімінде бастап, кейін оның басшысына айналған. Соңғы үш жылда облыстағы білім беру ұйымдарының қамтамасыз ету және материалдық-техникалық даму бөлімін басқарып келеді.

– Бұл менің сүйіп таңдаған мамандығым. Менің жолым десе де артық емес. Білім саласында баяғыдан бері жұмыс істеймін. Дәл осы саладағы қаржыны өз орнымен және өз жеріне дұрыс жұмсалғанын қалаймын, – дейді білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Бағлан Раимжанова.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                   

«QH»