Әдеби кездесу кеші

Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында қазақтың үш бәйтерегі С.Сейфуллин, І.Жансүгіров және Б.Майлиннің мұраларына арналған әдеби кездесу өтті.

Шараға Жаңаарқа ауданынан партия жетекшісі және «Сәкен ізімен» экспедициясының қатысушысы Шахизада Әбілдин қатысты. Құрметті қонақ жас буынның еңбектерін жоғары бағалап, өз сөзінде қазақтың үш бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің ел тарихына қосқан үлестері туралы толғана тарқатты.

– Сәкен Сейфуллиннің сүйегі Магаданда жатыр. Мағжан Жұмабаевтың сүйегі одан 500 шақырым жерде жатыр. Мен екі рет бардым Магаданға. Бір рет барып таптық. Он жеті қабірдің біреуі Сәкен Сейфуллиндікі, сол жылы ақшамыз жетпеді, ол 1991 жыл еді. Одан кейін мүмкіндік болмады. Мен сол кездегі құжаттарды тапсыруға келдім, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Шахизада Әбілдин.

Аталған тарихи тұлғалар әдеби қызметке, ағартушылыққа бір уақытта кірісті. Олар өз еңбектерінде қазақ халқының өзекті мәселелерін билікке басып айтып, салт-дәстүрді құрметтеуге және ана тілден айнымауға шақырды. Болмысы бөлек жазушыларымыздың бай мұрасы бүгінгі күнге дейін өскелең ұрпақтың тура жолда қалыптасуына теңдессіз үлес қосуда.

– Бұл әдеби кешке келген себебіміздің бірі ол – патриотизм. Отанға деген сүйіспеншілік. Прозаға, поэзияға деген махаббатымызды білдіреді. Бізде үш арыстың мақсаты мен мүдделері бір болған. Қазақ әдебиетін тек қазақ жастары жалғастырады, бүгінгі кешке келгеніме өте қуаныштымын, – дейді көрермен Бағым Жарқынбекова.

«Ортаң ой-өрісіңе қарай таңдалар». С.Сейфуллин өз шығармаларының бірінде жастарды интеллектуалды білім алу және беру жағынан озат болуға шақырды. Бұрынғы мен бүгінгінің арасындағы мәдени байланысты нығайта отырып, заман көшін сүйреу әр қазақ баласының басты міндеті болуы тиіс.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                  

«QH»