Балалар шығармашылығы

Жасанды интеллект пен музыка балалардың шығармашылығын дамытатын тиімді құрал. Қаламызда музыкалық және көркемдік-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары басшыларының Республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, онда балалардың жан-жақты даму жолдары жайлы талқыланды.

Инновациялық технологиялардың музыкалық және көркемдік білім беруді дамытуға әсері жайлы Білім министрлігінің, Мәдениет саласының өкілдері, ғалымдар, ҮЕҰ, музыкалық және көркемдік бағыттағы қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары талқылады. Үйлестіру кеңесінің отырысында оның тиімділігін арттыру, әдістемелік жұмысты жандандыру арқылы педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, оқушылардың музыкалық және көркем шығармашылыққа белсенділігі мен тартылуын ынталандыру, ауылдық жерлерде қосымша білім беру сапасын жақсарту үшін білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті енгізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар отырыста инновациялық даму деп жүріп, ұлттық руханиятты ұмытпауымыз керектігі айтылды.

– Жыр жаттаған  бала, өте қадірлі, қымбатты бала. Себебі, қазір балалар ұялы телефон, планшет ұстайды. Тіпті келген мұғаліміне, алдындағы ата-анасына құрмет көрсетпейтін дәрежеге жетіп жатыр. Жыр жаттаған баланың бойында ұлттық мінез болады, намыс болады. Жыр жаттаған бала Абылайды, Кенесарыны, жерді қалай қалыптасқандығын біліп жатады, – дейді айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов.

Үйлестіру кеңесінің құрметті қонағы «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов музыка сабақтарындағы инновациялық технологиялардың рөлін атап өтті. Оның айтуынша бұл музыканы белсенді қабылдау дағдыларын қалыптастыруға, балалардың музыкалық тәжірибесін байытуға, жетістікке жетуге және белгілі бір дәрежеде оқушылардың рухани, мәдени, саналы, адамгершілік күйін эмоционалды, психикалық тәжірибелер мен сезімдер арқылы жеткізуге мүмкіндік беретін білімді сіңіруге көмектеседі.

– Сіздердің жұмыстарыңыз өте маңызды. Сіздердің жұмыстарыңыз жақсы болса, біздің өнердің келешегі жоғары болады дегенге сенімдімін, – дейді «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

Шара қонақтарын ҚР БМ тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова мен Композиторлар Одағының мүшесі Алтын Маханбетова қарсы алды. Барлық қатысушы шара туралы өз пікірлерін білдіріп, бағаларын беріп, жоғарыда айтылған тақырыптар туралы айшықты ойларын айтты.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                     

«QH»