Жастарды қолдау
Өткен жылы Қарағанды облысында жастар бизнес-жобаларын дамытуға 50 грант бөлінді. Грант алушылар арасында өндірістік, шығармашылық, зияткерлік бағыттағы түрлі жоба бар. Мемлекет қолдауымен ашылған ерекше балаларға арналған түзету кабинеттерінің бірінде баспасөз туры өтті.
Бұл түзету кабинетіне балалар ерекше қуанышпен барады, себебі, сабақтар ойын түрінде өтеді, бұл баланың назарын бір әрекеттен екіншісіне оңай аударуға мүмкіндік береді және қызығушылықтың төмендеуіне жол бермейді. Кабинеттің негізін қалаушысы өткен жылы облыс әкімінің қолынан 2 миллион теңге грант алды. Бұл қаражатқа арнайы жабдықтар, білім беру ойындары сатып алынды, сонымен қатар кабинеттің өзі жабдықталды, оған бүгінде балалар белсенді қатысып жүр.
– Былтыр Қарағанды облысы әкімінің грантын ұтып алдық. Және де осындай кабинет аштық. Бұл кабинетте дамуы кештеу қалған балалармен жұмыс жасаймыз. Екі жас аралығынан басталады. Бала сөйлей алмаса қолдау көрсетеміз, – дейді логопед-дефектолог Гүлшат Әкімжанова.
Сонымен қатар, кабинет жұмысына сенсорлық интеграция енгізілген, бұл Монтессори жүйесі мен түзету тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Ата-аналармен тренингтер, оқыту, ақпараттық жұмыс жүргізіледі. Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін қолдау көрсету – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта жергілікті жерлерде жастардың түрлі бизнес бастамасын іске асыру үшін жағдай жасау бойынша түрлі шара жасалуда.
– Қарағанды облысы әкімінің гранты 2005 жылдан бастап, жыл сайын іске асып жатады. Оның аясында жастарға түрлі кәсіпкерлік бағыттан грант беріліп отырады. Басында бес жүз, кейін миллион, соңғы жылдары екі миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, –деп атап өтті Қарағанды облысы жастар саясаты басқармасының маманы Ұлан Омаров.
Жоба аясында Қарағанды облысының өндірістік жобалары, тігін, шығармашылық, зияткерлік шеберханалары, техникалық, медициналық, ауылшаруашылығы, қызмет көрсету, туризмді дамыту және басқа да бағыттар атап өтіледі. Қатысушылар арнайы Конкурстық комиссия алдында өздерінің бизнес жобаларын ұсынады. Жобаларды іріктеу, бағалау кезінде өзектілігі, қажеттілігі, әлеуметтік әсері ескеріледі. Биыл конкурс жаңартылған форматта өткізіледі, гранттар мәдениет, ғылым, ақпараттық технологиялар, медиа, бизнес сияқты бағыттар бойынша берілемек. Өтінімдерді қабылдау 15 қарашадан 29 қарашаға дейін жалғасады. Конкурсқа дәл бұрынғыдай, 18 жастан 34 жасқа дейінгі облыс тұрғындары қатыса алады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»