Жобаларды қолдау
Кәсіпке нәсіп. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері 1,5 миллиард теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Ал айналым қаражатын толықтыру үшін қосымша 500 миллион теңге алуға болады. Әлеуметтік маңызы бар бизнес жобаларды қолдау мәселесі облыс әкімдігінде өткен кеңесте талқыланды.
Негізінен әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлер психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік қызметтер, білім беру, денсаулық сақтау, сондай-ақ өндіріс пен сауда салаларында жұмыс істейді. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдауға тек әлеуметтік кәсіпкерлік реестріне тіркелгендер ғана үміткер бола алады.
– Бүгінгі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік – қазіргі экономиканың маңызды бөлігі. Өйткені, ол бизнестің дамуына ықпал етіп қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі адамдарды да жұмысқа тартады, көмек көрсетуге ықпал етеді, – деп атап өтті Кәсіпкерлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абзал Рахымбаев.
Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несие қарастырылған. Олар инвестициялық мақсаттарға 1,5 миллиард теңгеге дейінгі несие ала алады, ал айналым қаражатын толықтыру үшін 500 миллион теңге көлемінде қаражат ұсынылады. Соңғы несие мөлшерлемесі субсидиялау арқылы 7%-ды құрайды.
– Қалалар мен аудандардың әкімдері әлеуметтік жобаларды тіркеу, қаржылық қолдау алу, серіктестер іздеу және әлеуметтік бизнес туралы ақпаратты қолжетімді қылу керек. Сондықтан барлық жағынан әріптестер, көмектесуіміз керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері конкурстық негізде қайтарымсыз гранттарға да үміткер бола алады. Алдағы уақытта қарастырылған қолдау шаралары әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өңірдегі жаңа жұмыс орындарын құруға оң әсер етеді деп күтілуде.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,
«QH»