Студенттер үшін тамаша мүмкіндік

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Мансап және кәсіби даму орталығының ұйымдастыруымен «Мансап Start» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шара аясында жастарға «Азимут Геология», «Шұбаркөл», Qarmet, BI Group, «Құрылысэксперт проект», QazTehna, «Мэйкер-КЛМЗ» және басқа да компаниялардан екі мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. 1500-ден астам соңғы курс студенттері мен түлектер жұмыс берушілермен тікелей байланысып, сұқбатқа дайындық бойынша пайдалы ұсыныстар алды.

Оқу орнының әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абай Калыков өз сөзінде: «Қазір техникалық мамандықтарына сұраныс көп. Біз сол сұранысқа сай болуға, білімді мамандар даярлауға тырысамыз. Университетімізде металлургия, машина жасау, IT, энергетика, құрылыс және басқа да салалар бойынша түлектердің 89%-ы жұмысқа орналасады» – деп атап өтті.

Жәрмеңкеге арнайы қонақ ретінде Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар және Қарағанды облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов шақыртылды. Олар болашақ мамандардың назарына арнайы презентацияларын ұсынып, еңбек нарығындағы өзекті сұраныстар туралы пайдалы кеңестер берді.

– Жоғары курс студенттері мен түлектерге арналған осындай бос орындар жәрмеңкесі – өз мамандығы бойынша жұмыс табуға үлкен мүмкіндік, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Жергілікті жерде әлеуетті жұмыс берушімен әңгімелесуге, кәсіпорындағы жұмыс ерекшеліктерін білуге, шарттар мен жалақыны белгілеуге болады.

Бос орындар жәрмеңкесіне өңірдің жетекші 80-ге тарта компаниялары, ұлттық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер қатысты. Олар өз салаларындағы бос жұмыс орындарын, тағылымдамалар мен мансаптық мүмкіндіктерді ұсынды. Жұмыс ұсынушылар ішінде Silk Road Electronics зауыты танымал болды. Саран зауытында кейіннен жұмысқа орналасу арқылы практикадан өтуге 21 өтінім қалдырылды.

– Мұндай жәрмеңкелер жұмыс берушілер мен университет арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, студенттерді еңбек нарығына дайындап, компаниялардың білікті мамандарды іріктеуіне көмектеседі, – дейді Silk Road Electronics зауытының HR-менеджері Кенже Тұңғышбаева.

«Өнеркәсіп экономикасы» мамандығының төртінші курс студенті Владислав Сивцов жәрмеңкені әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс орнатудың тамаша мүмкіндігі деп санайды.

– Мен мамандық бойынша жұмыс табуға келдім. Консалтинг, қаржылық аналитика, экономика салалары қызықтырады. Мен өміріме, отбасыма, жоспарларыма жеткілікті болатын лайықты жалақы тапқым келеді. Мұндай жәрмеңкелер студенттерге жұмысқа орналасудың қандай мүмкіндіктері бар екенін білу үшін қажет. Бұл жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатуға, өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік, – дейді Владислав.

Мұндай жәрмеңкелер студенттердің кәсіби тұрғыда өсуі үшін маңызды қадам. Ұйымдастырушылар студенттерге таңдаған мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектесу үшін бос орындар жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»