Сауапты іс
Ислам дінінде сауабы үзілмейтін ізгі амалдың бірі – мешіт ашу. Қарқаралы ауданының Бақты ауылында «Құдыкен кент» мешіті ауыл халқына бірнеше жылдан бері толассыз қызмет етуде. Өзге мешіттерден ерекшелігі сол, асыл дінімізге аса құрмет қылған азамат өз үйін Алла үйі етіп, жамағатқа жақсылық қылғаны.
Қарқаралы ауданына қарасты Бақты ауылында бұл күнде 144 отбасы бар. Ауыл халқына, жалпы жастардың имандылық бағытындағы тәлім тәрбиесі үшін елдімекенде мешіт басты қажеттіліктердің бірі. Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын Бақты ауылындағы мешіт – осы ауылдың абыройлы ақсақалы болған Құдыкен қарияның үйі екен және сол кісінің құрметіне – «Құдыкен кент» мешіті деп аталыпты. Яки Құдыкен ақсақалдың үлкен ұлы Серік Құдыкенұлы өзінің үйін мешіт қызметі үшін қолданысқа берген.
– Ол 2001 жылы өзі тұрған үйін халыққа тегін мешіт қылуға сыйға тартқан болатын. Ауыл халқы болып барлығы бірігіп ағамыздың сыйға берген үйін жөндеп, ізін заманауи қалыпқа келтірілді. Бүгінгі күн мешіт халыққа қызмет көрсетуде, – дейді Бақты ауылдық округының әкімі Аққали Сейітхазин.
Оразбаев Серік Құдыкенұлы 1945 жылдың 21 қарашасында дүниеге келіп, Абыз бөлімшесінде мектепті аяқтап, әскери борышын өтеп келген соң туған ауылында әуелде жүргізуші одан кейін автогараж меңгерушісі, 1992 жылдан Бақты кеңшарында бас инженері болып жұмыс атқарған. Туған жерге ту тігіп, Бақты ауылын өркендетуге елеулі үлес қосқан, Серік Оразбаев ерен еңбегі үшін бірқатар марапат иемденген. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Зейнеткерлік жасында Серік Құдыкенұлы Бақты ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, ғұмырын өнегелі істерге арнаған. Серік Оразбаев ақсақалдың шарапатты істері жайында ауыл халқы аз айтпады. Әсіресе совхоз тарағаннан кейінгі қиын кезеңде ауылдағы үйін саудаға салмай, ауыл жастарына, азаматтарына имандылық тәлім тәрбие үшін мешіт етіп табыстауы сауап іс қана емес, жүрегінде иманы бар жақсы адамның өнегелі өшпес ісі болып қала береді, дейді ауыл халқы. Адамдықтың тағылымын сіңіріп, елге адал қызмет етуді өсиет еткен Серік Құдыкенұлының шаңырағынан ұл-қыздары көктеп, өсіп-өніп, бір-бір әулеттің тірегіне айналып, әке көрсеткен жолдан айнымай келеді. Балалары бұл күнде әр салада қызмет атқарады. Бірі дәрігер, бірі мұғалім, кенші де, мемлекеттік қызметкер де осы отбасында. Көзі тірісінде тоғыз немеренің, он бір жиеннің атасы болған әкеміздің әр сөзі, ісі балаларына ұлағаты өнеге дейді жақындары. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші ауылға абыройлы еңбегімен танылған зерделі ақсақалдың тағлымды ісі бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»