Қарағанды әуежайының даму әлеуеті

Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайының базасында CargoHubKaraganda мультимодальды аэрохаб құрылды. Жоба жүк тасымалын едәуір арттыруға бағытталған халықаралық логистиканы нығайтудағы маңызды қадам болмақ.

Өңделетін жүктердің көлемі жылына 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін өседі деп күтілуде. 2030 жылға қарай 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, бұл өз кезегінде өңір бюджетіне түсетін салық түсімдеріне оң әсер ететін болады.

Қарағанды әуежайы гүлдер, жабдықтар және ауыр салмақты тауарлар сияқты жүктермен күнделікті рейстерді қабылдай отырып, халықаралық логистикада шешуші позицияны ұстануға ұмтылуда. Мұнда жеткізілген жүк ары қарай бүкіл Қазақстан мен ТМД елдеріне таратылады.

Жобаның алғашқы жетістіктерінің бірі Эквадордан тікелей жүк рейстерін ашу болды – бұл халықаралық сауданы дамыту үшін маңызды қадам.

«Сары-Арқа» әуежайының Басқарма төрағасы Руслан Ғаббасовтың сөзінше, алдағы уақытта жүк ұшақтарының техникалық қону санын аптасына 100 рейске дейін арттыру жоспарлануда, бұл әуежайдың логистикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, оның маңызды көлік торабы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.

– «Сары-Арқа» әуежайы – Қазақстандағы ең ірі әуежайлардың бірі және әуе кемелерінің барлық түріне қызмет көрсетеді. Қазір біз жыл сайын 320 мыңға жуық жолаушыға, негізінен ішкі рейстерде, сондай-ақ Анталия мен Мәскеуге халықаралық бағыттарда қызмет көрсетеміз. Жолаушылар рейстерінің географиясы мен жолаушылар ағынын миллионға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз жүк ұшақтарының техникалық қонуын дамытамыз, бұл қосымша операторларды тартады: ұшақтар бізде жанармай құяды, экипаждарды ауыстырады және аздап техникалық қызмет көрсетеді. Жүк тасымалдау саласында біз 10 жылдан астам жұмыс істеп келеміз және Қазақстанда жүктерді өңдеу көлемі бойынша екінші орында тұрмыз, – деп түсіндірді «Сары-Арқа» әуежайының Басқарма төрағасы Руслан Ғаббасов.

Бүгінгі таңда әуежай Эквадордан, Нидерландыдан, Бельгиядан және Оңтүстік-Шығыс Азиядан электроника, автомобильдер мен азық-түлік өнімдерін қоса алғанда, көптеген тауармен коммерциялық рейстерге қызмет көрсетеді.

Апта сайын Еуропа мен Израильден шамамен бес тонна жаңа өнім жеткізіледі, соның ішінде көкөністер мен жидектер де бар.

Әуежайдың жүк тасымалдаушылары үшін артықшылығы – жоғары жылдамдық, өңдеудің оңтайлы құны және қызмет көрсетудің тиісті деңгейі.

Әуежайдың басты артықшылықтарының бірі – ол географиялық орналасуы.

– Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға рейстер Қарағанды арқылы ұшады, бұл бізді логистикалық хабқа айналдырады. Соңғы жылдары біз инфрақұрылымды белсенді түрде жетілдіріп жатырмыз – ұшып-қону жолағы мен жолаушылар ұшақтарына арналған тұрақ орындарын жөндедік, заманауи жабдықтар сатып алып, жүктерді өңдеу жылдамдығын арттыру үшін білікті кадрларды тартамыз, – деп атап өтті әуежайдың басқарма төрағасы.

Әуежай инфрақұрылымын дамытуға салынған инвестициялар өңірдің экономикалық өсуіне де мүмкіндік туғызады. Жүк тасымалын кеңейту қойма сервисі, автокөлік қызметтері, қонақүй бизнесі және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту сияқты аралас салаларды дамытуға ықпал етеді.

Тікелей эфирде тұрғындар суалына жауап берген өңір басшысы да әуежай туралы сөз қозғаған болатын.

– Әуежайға жылына 2 млн жолаушы өткізу қабілеті бар жолаушылар терминалы, жылына 50 мың тоннаға дейін жүк өңдеу мүмкіндігі бар Cargo Тerminal жүк терминалы кіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл біз әуежайымыздың базасында CargoHUB Karaganda мультимодальды аэрохабын құру мәселесін пысықтауды бастадық. Сонымен қатар, әуежай аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының субзонасы болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

«Сары-Арқа» әуежайында жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға бағытталған Жол картасы әзірленген. Бұған АЭА субаймағы шеңберінде салықтық және басқа да преференциялар алатын аэрохаб аумағында жаңа кәсіпорындар құру есебінен қол жеткізілетін болады.

Әуежайдың дамуы өңірдің өсуінің драйвері бола алады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

 «QH»