«КӨҢІЛДЕН КӨКАЛА ҮЙРЕК ХОШ ДЕП ҰШТЫ…»
Ақын Кемпірбай Бөгенбайұлының 190 жылдығына арналған «Дəуірлерді дүбірлетер дүлдүл ақын» атты əдеби-сазды кеш Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты нөмірі үшінші «Өлкетану» филиалында болып өтті. Кеш қонағы халықаралық, республикалық ақындар айтысы мен фестивальдердің лауреаты, Қазақстан Республикасы Мəдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, ақын, бард Қуаныш Мақсұтов, журналист, жазушы Ермек Балташұлы болды.
Тоқсан ақынмен айтысып, бəрін жеңген Кемпірбай ақынның көңілін сұрай келген Əсет Найманбайұлымен бақұлдасуын Қуандық Төкенов орындаған. Екі дүлдүл ақынның бір-бірімен қоштасуы тыңдармандарын бейжай қалдырмады. Кемпірбайдың көңілінен хош деп ұшқан көкала үйрек əуелей қалықтап, аспанда айналып жүргендей, ақынды қыймай хош-хош айтып қанатын қағып сұңқылдайтындай…
Қуаныш ақын кешке келген көпшілікке Кемпірбайдың айтыскерлігі жайлы мазмұнды да мағыналы ой-толғамдар айтып, жастарға ақын шығармаларын оқуға кеңес берді. «Мықты ақын қандай болуы керек?» деп ортаға сауал тастап, оған өзі «мықты ақын жеңілгенін мойындай білген ақын!» деген сөздері еріксіз бас изеткен. Көңілден шыққан кеште ескерілмей келе жатқан Кемпірбай ақынның шығармашылығын насихаттау, өзге де өткізілер шаралар жөнінде тиісті орындарды құлағдар ету керектігі айтылды.
Бір ғана Əсетпен бақұлдасуындағы «Көңілден көкала үйрек хош деп ұшты…» деген сөзден-ақ Кемпірбай ақынның қандай ақын болғаны байқалып тұрғандай…
Қарашаның боранды кешінде көкала үйрек аспанды айнала сұңқылдай ұшып жүргендей болып көрінді.
Серғазы ҚАБЫЛДАҰЛЫ