СӘКЕН ТЕАТРЫНЫҢ СЕРБИЯ САПАРЫ
Қарағанды қаздрамтеатрының әртістері өз өнерлерімен Сербия көрермендерін баурап алды. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры Сербияның Крагуевац қаласында өткен Joakimfest 19-шы халықаралық театр фестивалінде ерекше көзге түсті. Шара сегіз театрдың басын қосты.
Фестивальге қатысқан театрлар қатарында Қазақстаннан шақырылған Қарағандының С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры болғанын арнайы атап өтуіміз керек. Қаздрамтеатр режиссері Айдын Салбанов қойған Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» драмасын ұсынды.
Театр фестивалінің қазылар алқасы да осал болмады, олар: театр сыншысы, театртанушы, драматург Александр Милосавлевич (Сербия), театр режиссері және Белградтағы Өнер институтының драма өнері факультетінің оқытушысы Ивана Вуич, (Сербия), актер және театртанушы Миролюб Миятович (Босния, Герцоговина). Қазылар алқасы қарағандылықтардың шеберліктерін жоғары бағалап, «Үздік актерлік ансамбль» арнайы сыйлығымен марапаттады.
«Бастапқыда серб жұртшылығы біздің спектакльді түсінеді ме деп біраз уайымдадық, бірақ серб тіліндегі субтитрлердің арқасында көрермендер тарихқа енді. Спектакль екі сағат он минут болды. Театр мәдениетін көтеріп, тыныштықпен, 300-дей адамның бір кісідей тәртіп сақтап отырғаны ғажап. Құдды бір тілді түсініп отырған жандардай, соңына дейін ешкім орнынан қозғалмады. Көрермендерге қойылым қатты ұнады» деп атап өтті театрда.
Серб жұртшылығы ұлттық музыканың сұлулығын, домбыраның қоңыр үнін және әртістердің шеберлігін атап өтті.
Сонымен қатар, біздің өнерпаздар басқа елдердің театрларының қойылымдарын қызығушылықпен тамашалап, тәжірибе алмасты, бұл фестивальді тек таланттарды көрсету сахнасына ғана емес, сонымен қатар мәдени өзара әрекеттесу алаңына айналдырды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»