МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БАРЫСЫНДА АРТЫҚ ҚҰЖАТТАР ТАЛАП ЕТУ ФАКТІЛЕРІНЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Бүгінгі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидасының талаптарына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бағытында бірқатар жұмысты жүзеге асырады.
Атап айтқанда, жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерістер, мониторинг, талдау және қашықтықтан бақылау шаралары.
Бақылау шараларының ортақ мақсаты – мемлекеттік көрсетілетін қызмет талаптарын қатаң сақтау, қызмет алушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу.
Осы бағытта Департаментпен биыл қашықтықтан бақылау шаралары нәтижесінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер заңнамасының 600-ден астам түрлі заңбұзушылық фактісі анықталды.
Нәтижелері бойынша қызмет алушылардан артық құжаттарды талап ету фактілері бойынша 2 лауазымды тұлғаға, негізсіз бас тарту фактісі бойынша 15 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, 20-дан астам түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұл ретте, заңнамада көрсетілген бақылау тетіктері тұтастай алғанда осы саладағы проблемалық мәселелерді анықтауға және оларды болдырмау бойынша шаралар кешенін қабылдауға және қызмет алушылардың құқығының бұзылмауына мүмкіндік беретіні анық.
Құрметті қызмет алушы, егер Сіз мемлекеттік қызмет алу барысында әкімшілік кедергілер, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға жүгінген кезде қызмет берушінің тарапынан заңнамамен айқындалған талаптардан тыс артық құжат талап ету фактісі анықталған жағдайда Департаментке келесі мекенжай бойынша жүгінуге болады: Қарағанды қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39. Байланыс нөмерлері 8 (7212) 50-40-66, 8 (7212) 50-33-83 кеңсе нөмірі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ақпараты негізінде