Құтқарушылар қызметі

Өзгенің амандығы үшін өз өмірін қатерге тігер құтқарушылар қызметі асқан жауапкершілікті қажет етеді. Қарағанды облысы бойынша 9 ай ішінде біздің құтқарушыларға 5 750 шақырту қоңырауы жолданған. Облыстық ТЖ департаменті мамандары жыл басынан 2 мыңға жуық адамды құтқарған.

Өзгенің көмегін қажет етер апатты оқиғаларда, от су қауіп қатері туындаған жағдайда тұрғындар бірден құтқару қызметіне қоңырау шалып шұғыл көмек күтеді. Ал ТЖД мамандары тәулік бойы қажеттілікке сай қызметте қырағы, құтқару ісіне сақадай сай.

– Біздің қызметкерлер әр сәтте баратын жерін білмейді. Қазір осы жерден табылса, бір сағаттан кейін басқа жерде болады, шұғыл қоңырау түскен кезде қызметтеріне асығады. Өртке шығады, қоймаларда жүреді. Дала өрті мен биік нысандарда болады, – дейді Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары Роллан Есмағанбетов.

Оның сөзінше, ТЖ Министрлігінің деректеріне сәйкес елімізде жыл сайын 15-16 мыңға жуық ТЖ орын алады. Ал Қарағанды облысы бойынша осы 9 ай ішінде 5 750 ТЖ орын алу деректері тіркеліп, 2 мыңға жуық адам құтқарылып 4 230 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Құтқарушылар үшін әр маусымның өзіндік жұмыс ауқымы, қиыншылықтары бар.

– Қыстың күні біз жолдардағы қар кептелісінде, адамдарды құтқарамыз, көліктерді қар құрсауынан шығарамыз. Былтыр қыс айында 1 802 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Жаз кезінде өрт қаупі, дала өрті мен орман өртімен күресеміз, су тасқыны тағы бар, – деп атап өтті ол.

Көктемде қар суы, су тасқыны еріген суды қауіпсіз өткізіп су қоймаларына жіберу, елдімекен тұрғындарын су тасқынынан құтқару, ТЖ залалын жою шарасына жұмылатын құтқарушылар еңбегі ерен. Биылғы көктем маусымы Республика аумағында біздің облыста да өте күрделі өтті. Дейтұрғанмен, біздің аймақтағы ТЖД мамандарының жүйелі жұмысы, үйлесімді әрекеті қауіп қатерді сейілтті. Басқа облыстарға қарағанда біздің облыста су тасқыны кезеңі тұрақты өтті. Таяуда ғана Қарқаралыда болған дала өрті де біздің құтқарушылар үшін сын сағатын туындатты, айтарлық күрделі қиын жағдай орын алды. Өкінішке қарай, өртті ауыздықтау барысында 6 адам зардап шегіп, өрт сөндіруші Хайрат Хали қызметтік міндетін атқаруда аман қалмады. Қарағаны облысы бойынша соңғы 5 жылда құтқарушының қаза табуына қатысты бұл бірінші жағдай деді, Роллан Есмағанбетов. ТЖ қызметкерлері өрт оқиғасы болсын, басқа да апатты жағдайларда өз өмірін қатерге тіге отырып, құтқару жұмыстары жүргізеді. Және сондай қиын сәттерде еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Республика бойынша ТД қызметкерлері қатарында 73 құтқарушы өздерінің қызметтік жұмысын атқару кезінде көз жұмған. Құтқарушы жұмысы жедел шапшаңдықты талап етумен қоса азаматтар амандығы үшін санаулы секундта дереу шешім қабылдауды қажет етер қызмет. Ауыртпашылығы мен жауапкершілігі басым бұл қызметтің басы-қасында жүрген ТЖ мамандары көмекке мұқтаж жанға жанашырлық танытар, жүктелген істі тиянақты орындар нағыз кәсіби білікті жандар.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,                                     

«QH»