Тарих пен мәдениет тоғысқан жаңа орталық

Қарағанды қаласында қала тарихының 90 жылдығына және Республика күні мерекесіне орай жаңа «Өлкетану» кітапханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мәдениет пен білімді дамытуға бағытталған бұл шараға әкімдік өкілдері, кітапханашылар, жергілікті тұрғындар, сонымен қатар білімге құмар жас буын өкілдері қатысты.

Жаңа «Өлкетану» кітапханасы қала тұрғындарына аймақтың бай тарихы мен мәдени мұрасын тереңірек таныстыруды мақсат етеді. Қарағанды қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорының орынбасары Қызғалдақ Құрмашеваның айтуынша, бұл орталық жергілікті тұрғындар үшін нағыз білім ошағы болмақ.

– Бұл кітапхана орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бір бөлігі болып, Қарағанды өлкесіне арналған әртүрлі әдеби және мәдени мұраларды жинақтап, келушілерге таныстырады, – деп атап өтті Қарағанды қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорының орынбасары Қызғалдақ Құрмашева.

Кітапханада арнайы аймақтар мен көрмелер ұйымдастырылған, олардың қатарында әртүрлі жас санатына арналған «Алаштану» кітап көрмесі, «Ретро қор», «Сандық форматтағы ақпарат көздері», сондай-ақ балаларға арналған ойын аймақтары бар. Мұның бәрі оқырмандардың түрлі қызығушылығын қанағаттандыру үшін жасалған. Шарада арнайы қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков жаңа кітапхананың ашылуы қаланың мәдени және білім беру ортасына маңызды үлес қосатынын атап өтті.

– «Өлкетану» кітапханасының ашылуы қала тұрғындары үшін маңызды оқиға. Бұл орталық біздің тарихымызды, әдебиетімізді және мәдениетімізді насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізеді, – дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.

Кітапхананың ашылу рәсімінде қазақтың ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен әсем әуендер шырқалып, өлең оқылды. Мерекелік шараға келген оқушылар мен жасөспірімдер туған өлкесіне, Республика күніне арналған өлең шумақтарын айтып, өздерінің патриоттық сезімдерін білдірді.

Жаңа кітапхана алдағы уақытта Қарағанды тұрғындары үшін көптеген мәдени шаралар, көрмелер және білім беру жобаларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде әдебиет пен өнердің түрлі салаларына арналған танымдық бағдарламалар, қаланың тарихын дәріптейтін көрмелер және балаларға арналған шығармашылық шеберліктер де болады. Кітапхана – бұл тек кітаптар ғана емес, сонымен қатар тарих пен мәдениетті зерттеуге арналған заманауи алаң. Жаңа «Өлкетану» кітапханасы осы бағытта қала тұрғындары үшін бірегей орынға айналмақ. Кітапхананың ашылуы Қарағандының мәдениет саласына қосылған маңызды үлес болды және болашақта қала тұрғындарының рухани дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз. Қарағанды қаласының тарихы мен мәдениетін дәріптеу жолында осындай жобалар жүзеге асырылып жатқанын көру қуантады. Бұл болашақ ұрпаққа аймақтың бай мәдени мұрасын жеткізудің ең тиімді жолы.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»