Сәкен мұрасы насихатталды

Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай Кеншілер мәдениет сарайы «Сәкен оқулары» атты мәнерлеп оқу байқауын ұйымдастырды. Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, заманының заңғар тұлғасы Сәкен Сейфуллиннің поэзиясын оқу, тану, шығармашылық мұрасын насихаттауға негізделген байқау өтті.

Байқау жастардың қатысуымен С.Сейфуллиннің қайраткерлік еңбегін, ақындық болмысын сахналық үзіндімен сипаттаған көрініспен басталды. Кеншілер мәдениет сарайының ұйымдастыруымен өткізілген байқауда 50-ге тарта үміткер оқушы мен студенттер бақ сынады. Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ақын, жазушы, Мемлекет және қоғам қайраткері, жалынды күрескер, заманының заңғар тұлғасы Сәкен Сейфуллиннің поэзиясын оқу, тану, білу, шығармашылық мұрасын әсіресе өскелен ұрпаққа, жастарға насихаттау өте маңызды, дейді ұйымдастырушылар.

– Сәкеннің поэзиясы тұнып тұрған ұлтшылдық, елшілдік, бірлік. Тіл тағдыры туралы ол кісі негізінен арқау еткен. Лирикалық, табиғат тақырыптарын жастарға насихаттау. Қазір жастар кітаптан алыстап барады, осындай әдемі кеш ұйымдастырудамыз, – деп атап өтті Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жарулла Акишев.

Сырлы Сәкен шығармашылығын мәнерлеп жеткізу келістіре орындау байқаудың басты талабы. Сәкен оқулары оқушылар арасында және студенттер арасында жекелей өткізілді. Мұндай шығармашылық байқаулар қазақтың ақын жазушылары туындыларын насихаттау ғана емес, жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру, талантты қатысушыларға қолдау көрсету, шағармашылыққа шабыттандыру. Байқау талабына сай әр қатысушы Сәкен Сейфуллиннің 5 шығармасын жатқа оқыды. Сәкен оқулары байқауына Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларының және Шет, Абай, Қарқаралы, Нұра аудандарының мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері жиналған. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үш орын жеңімпаздары мен бас жүлде иегері марапатталды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»